Саясат

Тоқаев Словакия басшысын Қазақстанға шақырды

Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Қазақстан-Словакия қатынастарының алдағы мүмкіндіктері талқыланды
Sputnik

АЛМАТЫ, 11 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Словакияның сыртқы және еуропалық істер министрі Иван Корчокты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Қазақстан-Словакия қатынастарының алдағы мүмкіндіктері талқыланды.

Тоқаев Словакия басшысын Қазақстанға шақырды

Сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты аймақтық қауіпсіздік мәселелері қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Иван Корчоктың Қазақстанға сапарының маңыздылығына тоқталып, бұл кездесу екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

"Сіздің сапарыңыз Қазақстандағы тарихи датаға сәйкес келіп отыр. Екі айдан кейін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Келесі жылы Словакия да осындай тарихи межеге жетеді. 2019 жылы біз Братиславада елшілік аштық. Бұл біздің көптеген бағыт бойынша тығыз ынтымақтастық орнатуға бейілді екенімізді көрсетеді", – деді мемлекет басшысы.

Президент министрге Қазақстанда COVID-19 індетіне қарсы күрес бойынша қабылданған шаралар, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру мен осы елге көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмек туралы айтты.

Иван Корчок Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге мүмкіндік бергені үшін ризашылығын білдіріп, келе жатқан Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтады.

Министр президенттің Қазақстанды жаңғырту ісіндегі көшбасшылық қабілетін, халықтың әл-ауқатын арттырудағы және мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтудағы еңбегін Словакия басшылығы жоғары бағалайтынын жеткізді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия басшысы Зузана Чапутоваға сәлем жолдап, оның келесі жылы Қазақстанға сапармен келетініне үміттенетінін айтты.

Айта кетері, Зузана Чапутова 2019 жылдан бері Словакия президенті қызметін атқарады.