Өңірлер

Облыс әкімінің орынбасары отставкаға кетуге мәжбүр болды

"Мемлекеттік қызмет туралы" заң бойынша өз қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмысы үшін басшы отставкаға кетуі керек
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қазан — Sputnik. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Нұрәлиев қызметінен босатылды. Оған тікелей бағыныстағы қызметкер – облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Каюпов пара алғаны үшін ұсталған. Кейін әкім орынбасары отставкаға кету туралы өтініш берді.

Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы департаментінде хабарлағандай, өңір басшысы Айдар Нұрәлиевтің отставкаға кету туралы арызын қабылдады, деп жазды "Мой город" басылымы.

Ведомствода түсіндіргендей, бұл облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Каюповтың пара алуы бойынша қозғалған қылмыстық іске қатысты болып отыр. Ол тергеу және сот кезінде өз кінәсін мойындамағанына қарамастан, сот пара алу фактісі дәлелденді деп танып, Каюповқа қатысты қауіпсіздігі төмен түрмеде төрт жарым жыл жаза мерзімін өтеу үкімін шығарды.

Апелляциялық сот алқасы да осы үкімді сол күйінде қалдырды.

Үкім шығарылғаннан кейін, "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес, өңірдегі денсаулық сақтау мәселелеріне жетекшілік еткен БҚО әкімінің орынбасары Айдар Нұрәлиев өз қызметкерінің пара алу қылмысы үшін ұсталғанына байланысты отставкаға кету туралы арыз ұсынды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғани Есқалиев оның отставкаға кету туралы өтінішін қабылдап, қызметінен босатты.

"Болатбек Каюповқа қатысты соттың айыптау үкімі шықты. Осыған байланысты Айдар Нұрғалиев отставкаға кетуге міндетті болды. Менің білуімше, оның отставкасы қабылданды, Нұрәлиевті қызметтен босату туралы бұйрық бар. Бүгін бұл туралы ресми хат жолдауы керек", - деді ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысы Ғалым Тұрсынбаев.

Айдар Нұрәлиев облыс әкімі орынбасары қызметін бір жылдан сәл астам уақыт атқарғанын атап өту керек. Ол 2020 жылдың маусымында осы қызметке тағайындалған болатын.