Қоғам

"Бір грамнан бастап қылмыстық жауапкершілік болады": министрлік ескерту жасады

Бұған дейін Алматы қалалық полиция департаменті "Химиялық өлім" атты деректі фильм шығарды. Бес минуттық роликке синтетикалық есірткі жасайтындарды ұстау операцияларының хроникасы енді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрлігі жаңа синтетикалық есірткі мен прекурсорлар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Берікхан Нұрғалиевтің айтуынша, жақын арада үкімет қаулысы күшіне енеді. Оған сәйкес, жаңа 11 синтетикалық есірткі мен 17 прекурсорға қатысты қылмыстық жаза енгізіліп отыр.

"Кеңінен таралған есірткі түрлерінің салмағы бойынша жазаны қолдану тәртібі де өзгертілді. Енді пировалерон (скорость), мефедрон (меф) және синтетикалық каннабиноидтардың (спайс) бір грамынан бастап қылмыстық жауапкершілік болады. Бұрын ол 50 грамнан басталатын", - деді Нұрғалиев министрліктің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте.

Бұдан бөлек, биыл үкіметтің қаулысымен адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін күшті әсері бар заттар тізімі бекітілген болатын. Оған бірқатар медициналық препарат енді. Дәл сол дәрілерді жастар эйфорияға түсу үшін пайдаланады. Бүгінде ондай заттарды бақылау мен тарату жұмысына денсаулық сақтау органдары жауап береді.

"Қазіргі заңнамада медициналық препараттарды және басқа заттарды пайдаланып, адамды есінен адастыратын притондарды ұстау үшін жаза қарастырылған. Ол – қылмыстық кодекстің 310-бабы. Сондай-ақ, күшті әсері бар заттар контрабандасы үшін 286-бапта қылмыстық жаза көрсетілген. Дегенмен қазіргі кезде медицина саласында қолданылатын күшті әсері бар заттарды заңсыз сақтау және сату әрекеттері үшін құқықтық жауапкершілік мәселесі қаралып жатыр", - деп атап көрсетті Нұрғалиев.

Айта кетері, бұған дейін Алматы қалалық полиция департаменті "Химиялық өлім" атты деректі фильм шығарды. Бес минуттық роликке синтетикалық есірткі жасайтындарды ұстау операцияларының хроникасы енді. Сондай-ақ, полицейлер ондай есірткі қолданғандар қандай күйге түсетінін көрсетті.