Экономика

Мамин Chevron басшылығымен кездесті

Қазақстан энергетика министрлігі мен "Шеврон" компаниясы $248,5 миллион көлемінде Тікелей инвестициялар қорын құру туралы меморандумға қол қойды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қазан — Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Chevron компаниясының өндіру мәселелері жөніндегі вице-президенті Джеймс Джонсонмен келіссөз жүргізді.

Тараптар "Теңізшевройл" (ТШО) болашақ кеңейту жобасын іске асыру, Қарашығанақ жобасын кеңейту және Каспий құбыр консорциумының қуатын арттыру перспективасы мәселелерін талқылады, деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Мамин Chevron басшылығымен кездесті

Болашақ кеңейту жобасының аяқталуы 2023 жылдың соңында өндіру көлемін жылына 12 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. ТШО газы Атырау облысында полипропилен (қуаты жылына 500 мың тонна) және полиэтилен (жылына 1,25 миллион тонна) өндіретін екі ірі газ-химия жобасы үшін шикізат болып отыр.

"Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан энергетика министрлігі мен "Шеврон" компаниясы арасында Қазақстанда $248,5 миллион көлемінде Тікелей инвестициялар қорын құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды", - делінген хабарламада.

Меморандум Қазақстанның мұнай-газ саласындағы, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ ақпараттық және цифрлық технологиялар саласындағы тауар өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтерді ұсыну жөніндегі коммерциялық кәсіпорындарға инвестиция салу жолымен экономиканы және жергілікті қамтуды дамыту үшін қор құруды көздейді.

Қор капиталын "Шевронның" Қазақстанда алған пайдасының бір бөлігі құрайды. Кездесуге энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев және "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев қатысты.

Оқи отырыңыз: Мамин президентке халықтың тұрмысын жақсартатын жобалар туралы айтып берді

"Шеврон" үш ірі жобада – Теңіз (50%), Қарашығанақ (18%) және Каспий құбыр консорциумы (15%) жобаларында активтері бар Қазақстандағы аса ірі шетелдік инвестор.

2020 жылы ТШО-да шикі мұнай өндіру көлемі 26,5 миллион тоннаны құрады. Мемлекетке $6,6 миллиард көлемінде тікелей қаржылық төлемдер жүзеге асырылды, $3,5 миллиардтан астам сомаға қазақстандық жеткізушілердің тауарлары мен қызметтері сатып алынды. Биыл ТШО-да 26,3 миллион тонна көлемінде мұнай өндіру жоспарлануда. 2021 жылдың 8 айында мемлекетке төлемдер $4,9 миллиардты құрады.