Экономика

Азық-түлік қымбаттады: Үкіметте баға өсімін тежеу мәселесі талқыланды

Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,2% өсті. Бұған жұмыртқаның 2,7%-ке қымбаттауы әсер етті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 қазан – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен жанар-жағармай бағасын реттеу мәселесі жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Азық-түлік бағасы

Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,2% өсті. Бұған жұмыртқаның 2,7%-ке қымбаттауы әсер етті. Жұмыртқа бағасы ең көп Маңғыстау (21,8%), Шығыс Қазақстан (16,6%) және Ақтөбе (12,1%) облыстарында қымбаттаған.  

"Айналым схемасы" шеңберінде өңірлерде 167,7 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауарлар сатып алынды. Ең көп нан (41 мың тонна), картоп, ұн және қант (71,6 мың тонна) қоры жасақталған. Күнбағыс майын, қарақұмық, сиыр еті мен қырыққабатты сатып алуға қаржы көлемі ұлғайтылады.

Нан бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында биылғы жылдың соңына дейін өңірлік тұрақтандыру қорларынан интервенциялар жүзеге асырылады, ал кейіннен "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ҰК" АҚ-дан арзандатылған бидай сатып алу арқылы жүзеге асады.

Дизел отыны тапшылығы

Ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін тасымалдауға тыйым салынды, сәуір айынан бастап дизель отынының экспорты тоқтатылды, Атырау МӨЗ-інде жоспарлы жөндеу жұмыстары 2022 жылға ауыстырылды, 1 қыркүйектен 5 қазанға дейін Ресейден 55,9 мың тонна дизель отыны импортталды және басқа да шаралар қабылданды.

Павлодар мұнай-химия зауытының мұнайды бастапқы өңдеу кешенін жөндеу мерзімін 1 қазаннан 9 қазанға ауыстыру қосымша 30 мың тонна дизель отынын өндіруге мүмкіндік берді. Жөндеу жұмыстарын аяқтау осы жылдың 4 қарашасына жоспарланған.  

Жыл басынан бері елімізде 78 миллион тонна көмір өндірілді. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір өнімдерінің қажеттілік жоспарына сәйкес 2021-2022 жылдарға арналған тұтыну көлемі шамамен 9,2 миллион тоннаға жуықтайды, оның ішінде 2,8 миллион тоннасы – коммуналдық-тұрмыстық секторда, 6,4 миллион тоннасын тұрғындар тұтынады. Бүгінде әкімдіктер 7,5 миллион тонна көмір әкелді, бұл коммуналдық-тұрмыстық сектор қажеттілігінің 93,1%-ін және халықтың қажеттілігінің 76%-ін қамтамасыз етеді.

Оқи отырыңыз: Сенатор үкіметке азық-түлік қымбаттамауы үшін не істеу керектігін айтты 

Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Шымкент қаласында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында 87 тауар позициясы бойынша сауда үстемесін көтерудің 16 фактісін анықтады.

Премьер-министр өңірлердің әкімдеріне тұрақтандыру қорларын азық-түлікпен толықтыру және "айналым" схемасына қаражат бөлу жөніндегі жұмысты жандандыруды, сауда субъектілерінің сауда үстемесін бұзуы фактілері бойынша дереу шаралар қабылдауды, халықтың және коммуналдық-тұрмыстық сектордың қажеттіліктері үшін үздіксіз көмір жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.