Видео

Құлдық қамытын кигендер: сарапшы ақысыз еңбекке жегу мәселесін қаузады - видео

Қазақстанда адамды құлдықта ұстау өзекті мәселеге айналды. Осыған орай "Қорғау Астана" маманы Анна Рыль құлдыққа түспеудің жолы, бұл тұрғыдағы құқықтық сауаттылық туралы айтып берді
Sputnik

Елдің оңтүстігінде жантүршігерлік жағдай болды – полиция қызметкері ер адамды жарты жыл құлдықта ұстаған. Оның туыстары бұл жайлы білетін, алайда оны құтқару үшін ештеңе істей алмады. Қорлыққа шыдамаған ер адам өзіне қол салды.

Маманның айтуынша, көпшілік құлдық дегенді қамыт кигізіп, шынжырлап ұстау деп түсінеді.

"Қазіргі дамыған заманда құлдық деген біреуді тегін жұмыс істеуге мәжбүрлеу екенін түсінуіміз керек. Адамның еңбегіне ақы төлемей, оның әлеуметтік статусын, қиын жағдайын пайдалану арқылы мәжбүрлі түрде жұмыс істету де құлдық", - дейді маман Түркістан облысындағы жағдайға қатысты пікір білдіре отырып.

Естеріңізге сала кетейік, ер адам құлдыққа отбасының қаразы үшін түскен. Олар дүкеннен қарызға 300 мың теңгенің азық-түлігін алып, оны қайтара алмаған. Содан кейін ер адам дүкен иесінің ағасы болып келетін полиция қызметкерінің малын бағуға кеткен.

Жарты жыл мал бағып, үйіне оралмақ болғанда полиция мойнына жоғалған алты қойды қарыз етіп іліп қойған.

Маман құлдыққа түскен жағдайда 102 нөміріне міндетті түрде хабарласу қажет екенін айтады. Егер арыз жергілікті деңгейде қаралмаса, одан жоғары инстанцияларға шағымданудан тартынбау керек, дейді ол.

Адам құлдығы тақырыбының өзекті мәселелерін видеодан көріңіз.