НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері бес миллион теңгені алаяқтық жолмен алған деген күдікпен банк қызметкерін ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Түркістан қаласы полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйел арызында бейтаныс адамның өз атынан заңсыз кредит рәсімдегенін айтқан. Аталған жайтты полицейлер Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Қылмысты тез арада ашып, күдіктіні құрықтау мақсатында қаланың қырағы полицейлерінен арнайы топ құрылды. Нәтижесінде полицейлер күдікті деп танылған жергілікті тұрғынды ұстады. Белгілі болғандай орта жастағы күдікті азамат бұған дейін банк қызметкері болып жұмыс істеген. Яғни полицейлер күдіктінің осыдан төрт ай бұрын банкке кредит алуға келген жәбірленушінің атынан заңсыз бес миллион теңге рәсімдегенін анықтады.
Ал ақшаны күдікті деп танылған бұрынғы банк қызметкері өз пайдасына жұмсаған. Бүгінгі таңда тәртіп сақшылары күдіктінің басқа да алаяқтық қылмыстарына қатысы бар-жоғын тексеруде. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Түркістан полицейлері тұрғындарға кез келген құжатқа қол қоймас бұрын жақсылап қарап, мұқият зерттеуге кеңес береді.
Оқи отырыңыз: