НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik.Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында "Россия сегодня" ХАА жетекші медиа мамандары Мария Крузе мен Дмитрий Буданцевтің "YouTube: қалай жобаны смартфонмен бастап, жеке студиямен аяқтауға болады", "YouTube каналда контентті монтаждау және безендіру" деген тақырыптарда шеберлік сағаттары өтті.
YouTube аудиториясымен жұмыс
Бүгінде YouTube танымалдылығы жағынан әлемде Google-дан кейінгі екінші орында келеді, деп атап өтті "Россия сегодня" ХАА Таяу шетел және Балтық елдеріндегі Sputnik мультимедиялық орталықтары дирекциясының видео жасау және дизайн бөлімінің бастығы Мария Крузе.
YouTube каналды қалай ашып, ілгерілетуге болады? Аудиторияны ненің есебінен кеңейту керек? Неліктен аккаунттар бұғатталып қалады? Сарапшылар осы және басқа да көптеген сұраққа SputnikPro білім беру жобасының алаңында жауап берді.
"Кез келген канал – белгілі бір тақырыпқа қызығушылық танытатын тар бағыттағы аудитория. Сондықтан бірінші кезекте бұл адамдардың кім екенін анықтауыңыз керек: ерлер ме, әйелдер ме, олардың жасы қаншада, жынысы, қызығушылықтары қандай? YouTube құралдары мен аналитикасын қолдана отырып, өзіңіз түсірген видеоны талдап, оны қай күні, қай уақытта жүктеуге болатынын анықтай аласыз", - деді Крузе.
Контент ұсынылатын аудиторияның тілін түсіну маңызды. YouTube каналындағы пікірлер арқылы аудиториямен қарым-қатынас жасауға болады. Осының арқасында, сондай-ақ лүпіл мен интерактивті элементтердің есебінен белсенділік күшейіп, көрермендердің арна авторына деген сенімі артады", - дейді "Россия сегодня" ХАА монтаж режиссері Дмитрий Буданцев.
"Телевидениеден айырмашылығы, біз YouTube-тің пікір алмасу мүмкіндігін адамдарды іс-әрекетке шақыру үшін қолдана аламыз. Көбінесе авторлар немесе осы сайтты енді қолдана бастаған адамдар роликтің ішінде көрерменнен бірдеңе сұрауға, қызығушылық танытуға, қызу талқыланатын мәселелерді қозғауға болатынын ұмытып кетіп жатады, - деді ол.
YouTube каналын безендіру
Медиа мамандары бірегей болуға тиіс YouTube каналды визуалды безендіру мәселесін көтерді.
"Сіздің каналыңыз тек сізбен байланысты болуы керек. Сізден басқа ешкімде мұндай түстер, қаріптер болмағаны жөн. Каналыңызды жоспарлап, ілгерілету кезеңінде сіздің каналыңыз басқалардан визуалды түрде қалай ерекшеленетінін ойластыру керек", - деді Мария Крузе.
Назар аударту үшін видеодағы мұқабаны қызықты етіп жасау маңызды – алдын ала көрінетін мәтін, сурет немесе фото қою керек.
"Аудиторияңызды талдай отырып, жұртты көбірек не қызықтыратынын түсінесіз: коллаж немесе фотосуреті бар статикалық сурет. Мұнда сіздің талдауыңыз маңызды, бірақ ең бастысы – бұл танымал стиль болуа тиіс", - деп қосты ол.
Толық ақпарат алу үшін видеоны көріңіз.
SputnikPro жобасы туралы
SputnikPro – Sputnik халықаралық ақпараттық агенттігі және радиосының журналистерге, бейіндік ЖОО студенттеріне, баспасөз қызметі мамандары мен медиаменеджерлерге арналған және шетелдік әріптестермен кәсіби байланысты дамыту және тәжірибе алмасуға бағытталған жобасы. Жоба модулінің жетекшілері қатарында Sputnik медиаменеджерлері мен басқа да танымал сарапшылар бар.
Сессия барысында журналистика мамандығының түрлі аспектілері, соның ішінде мультимедиялық контент әзірлеу, әлеуметтік желідегі жұмыс, жаңалықтар ресурсына трафик тарту сынды келелі мәселер талқыланды. 2018 жылдың наурызынан бастап SputnikPro мастер класына 80 елден 5 мыңнан астам тыңдарман қатысты.