Өңірлер

Pfizer вакцинасын қанша алматылық салғыза алады

Қанша адамның вакцина салдыратыны тілек білдірушілерге байланысты болады, деді қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы
Sputnik

АЛМАТЫ, 7 қазан – Sputnik. Коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы Алматыға қазанның аяғында жеткізіледі. Бұл туралы қаланың қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Pfizer вакцинасы қалаға 20 қазанға кейін жеткізіледі деп жоспарланған. Алматыға 130-дан 160 мың дозаға дейін жеткізіледі. Сондай-ақ Алматы үшін квота бөлу жағы нақтыланып жатыр", - деді Табынбаев.

Басқарма басшысы Pfizer вакцинасы ең алдымен балаларға, жүкті әйелдерге, медицина қызметкерлеріне, қартта мен жабық мекемелерде тұратын балаларға салынатынын айтты.

"Қазір бізде барлық санат бойынша нақты адам саны бар. Бірақ қанша адамның вакцина салдыратыны тілек білдірушілерге байланысты болады", - деді ол.

Ал қаланың бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин Pfizer жеткізілгеннен кейін 300 мыңнан астам оқушы мен студент вакцина салдыра алатынын айтты.

"Вакцина қазан айының соңында жеткізілетіні айтылды. Pfizer жеткізілген соң 306 мыңға жуық мектеп оқушысы мен студентке вакцина сала аламыз. Бұл бізге вакцинация арқылы иммундық қабат деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, ал ол аурушаңдыққа әсер етеді", - деді Бекшин.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанға Pfizer вакцинасының төрт миллион дозасы жеткізілетінін хабарлады.

"Pfizer бойынша біз негізгі келісімшартқа қол қойдық. Осы компаниямен келісімшарт рәсімдеудің өзіндік тәртібі бар. Бірнеше құжат бар. Біз соңғы құжатты рәсімдедік. Оған сәйкес, шамамен, төрт миллион доза жеткізіледі", - деді Цой.

Айта кетері, 18 жасқа толмаған балаларға коронавирусқа қарсы вакцина тек ата-анасының рұқсатымен салынады.

Оқи отырыңыз: