Қоғам

"Вакцина бедеулік туғызады": ақпаратқа қатысты министрлік түсініктемесі

Желіде тараған ақпаратта денсаулық сақтау министрінің 9 қазанда бір топ дәрігермен кездесетіні туралы жазылған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik. Әлеуметтік желіде коронавирусқа қарсы екпе салдарынан ерлерде бедеулік жағдайы көбейгені туралы ақпарат тарады. Вакциналау шараларын тоқтату керектігі айтылған. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселеге қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Stopfake.kz.

Желіде тараған ақпаратта денсаулық сақтау министрінің 9 қазанда бір топ дәрігермен кездесетіні туралы жазылған.

"Олардың ішінде алматылық дәрігер, гомеопат Ирина Прокушева да бар. Кездесуде міндетті вакциналауды тоқтату, Ashyq-ты алып тастау және тағы басқа мәселелер көтеріледі. Ирина Петровнаның пациенттерін зерделеу кезінде жасалған статистикаға сәйкес, ковидпен ауырған немесе вакцина алған ерлерде ұрық жоқ, яғни, олардың бала туғызу қабілеті болмайды", - делінген жазбада.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызмет осы ақпаратты жоққа шығарды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойда ондай кездесу жоспарланбаған.

"Денсаулық сақтау министрінің дәрігер Ирина Прокушевамен кездесуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта вакцинацияны тоқтату және Ashyq жүйесін алып тастау мәселеcі қаралып жатқан жоқ", – дейді мамандар.

Stopfake порталының журналистері алматылық дәрігердің COVID-19-ға қарсы вакцина мен бедеулік арасындағы байланысы туралы тұжырымына да күмән келтірді. Әлемнің жетекші ғалымдары мРНҚ платформасындағы вакциналар да, басқа иммундау препараттары да адамдардың репродуктивті жүйесіне теріс әсер етпейтінін айтқан.

Биыл шілде айында коронавирусқа қарсы мРНҚ вакцинасын алған 18-ден 50 жасқа дейінгі дені сау ер адамдар арасындағы зерттеу жарияланған болатын. Тәжірибе барысында ғалымдар препаратты алғанға дейін және одан кейін ұрық сұйықтығындағы сперматозоидтар санын талдаған.

Зерттеудің қорытындысы бойынша вакцина ерлердің ұрық жасушаларының саны мен сапасына теріс әсер етпейді, керісінше, олардың саны мен қозғалғыштығын арттырады.