Өңірлер

ШҚО полицейлері күйеуге шығып кеткен 8-сынып оқушысы туралы ақпарат таратты

Жасөспірімдермен қарым-қатынас орнатып, сөйлесу маңызды. Ата-ана баласымен сырласуы керек, дейді полицейлер
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан –  Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының полицейлері жоғалып кеткен бірнеше қыздың оқиғасы туралы ақпарат таратты. Олар өзге қалада тұратын сүйіктілеріне кетіп қалған. 

8-сынып оқушысы тұрмысқа шықты

Бірінші жағдай Өскемен қаласында болған. 1 қыркүйекте 48 жастағы әйел қалалық полиция басқармасына хабарласып, кәмелетке толмаған қызы жоғалғанын хабарлаған.

Оның 8-сыныпта оқитын қызы маусым айының соңында Алматыға кетіп қалған. Әйел оны үйіне өзі алып келмек болған. Алайда қаладан шығар тұста жанармай бекетіне тоқтаған сәтте қызы қайтадан қашып кеткен.

19 қыркүйекте жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қызды ШҚО криминалдық полиция қызметкерлері тапты. Жеткіншекпен сөйлескен жедел уәкілдер үйден өз еркімен кеткенін анықтаған. Ол Алматыда өмір сүргісі келіп, сығандар дәстүрі бойынша тұрмысқа шығып кеткен. Тәртіп сақшылары ата-анасының үйіне қайтарды.

Үйіне қайтқысы келмеді

12 қыркүйекте Семей қаласының полиция басқармасына 49 жастағы әйелден өтініш келіп түсті. Ол кешкі сағат 18:00 шамасында үйден қашып кетіп оралмаған 14 жастағы қызын іздеуге көмектесуді сұрады.

Қабылданған шаралар нәтижесінде 15 қыркүйекте ол Павлодар қаласынан табылды.

Қыз "ВКонтакте" әлеуметтік желісі арқылы көрші қалада тұратын жігітпен танысып, кездесу үшін үйінен кетуді шешкен. Жасөспірім тәртіп сақшыларына үйден өз еркімен кеткенін айтқан, ата-анасымен бірге тұрғысы келмейтін болып шықты. Оқушы Семей қаласына жеткізілгеннен кейін жедел уәкілдер оны туыстарына тапсырды.

Ол да сүйіктісіне кеткен

Полицейлер қыркүйек айында кәмелет жасқа толмаған тағы бір қызды тапты. Тамыз айында Семей қаласының полиция басқармасына 20 жастағы жас жігіт хабарласты. Ол 17 жастағы қарындасы 17 тамыз күні таңертең үйден шығып, қайта оралмағанын айтты. Қыздың телефоны сөндірулі болған. 20 қыркүйек күні криминалдық полиция қызметкерлері оны Нұр-Сұлтан қаласында жұмысқа орналасуға тырысқан сәтте тауып алған.

Әңгіме барысында ол алдымен Түркістанға барып, әлеуметтік желі арқылы бұрын танысқан жігітімен астанаға келгені белгілі болды. Полиция кәмелетке толмаған жасөспірімді туыстарына қайтарды.

Қыздар үйден қалай қашты

Қыздардың бәрі арнайы қосымшалар арқылы басқа қалаларға таксимен жетіп отырған. Көбінесе отбасы мүшелері арасында қарым-қатынас шиеленіскен үйдің балалары қашады.

"Жасөспірімдермен қарым-қатынас орнатуға тырысыңыз, олармен сөйлесуге уақыт табыңыз. Баламен сөйлесу, оның өміріне қызығушылық таныту маңызды. Бос уақытын қалай өткізіп, қандай фильм мен компьютерлік ойынға құмар екенін біліңіз. Ата-ана баласымен сырласуы керек", - деп түйіндеді полицейлер.