Қоғам

Қорғаныс министрлігі пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді жоюға шешім қабылдады  

Оқ-дәрілерді кәдеге жарату жұмысын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі атқарады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Мұрат Бектанов аппарат кеңесін өткізді, онда әскердің тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Оқ-дәрі қоймаларын тексеру барысы туралы қорғаныс министрлігі бас инспекциясы бастығының баяндамасы қаралды. Инспекциялаудың аралық нәтижесі бойынша қазіргі уақытта шешілмеген негізгі мәселе – түгендеу нәтижесінде әскери мүлік ретінде пайдаланылмайды деп танылған оқ-дәрілерді кәдеге жарату.

Заң жүзінде оқ-дәрілерді кәдеге жарату жұмысын уәкілетті орган – индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүргізеді. Бұл ретте оған ведомстволық бағынысты ұйымдардың оқ-дәрілерді жою бойынша мүмкіндігі шектеулі.

"Осыған байланысты қорғаныс министрлігі пайдаланылмайтын әскери мүлікті қоймалар мен базаларда жылдар бойы сақтауға мәжбүр болады", - делінген қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғаныс ведомствосы 2021 жылғы 30 қыркүйекте үкімет қабылдаған № 964 қаулыны әзірледі.

Оған сәйкес индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қорғаныс министрлігімен бірлесіп, саперлердің күшімен пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді қоймалардан әскери полигондарға шығару жұмысын ұйымдастырып, жояды. Тікелей іс-қимыл тәртібін екі министрліктің бірлескен бұйрығы айқындайды.

Қазақстан әскері қысқа қалай дайындалып жатыр

Одан бөлек қысқа дайындық мәселесі қаралды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық әскери объектілерінің қысқа дайындығы 96,5%-ті құрайды. Ауа райы жағдайына сәйкес жылыту елдің солтүстік, орталық және шығыс өңірлеріндегі әскери қалашықтарда іске қосылды. Қазандықтар қажетті отын қорымен қамтамасыз етілген.  Одан басқа, қорғаныс министрлігі алғаш рет жылыту маусымында қызмет көрсететін персоналды материалдық ынталандыруды көздеді.

Қорғаныс министрі 4 қазаннан бастап әскерлерде басталған қорытынды тексеруді сапалы ұйымдастыруға бас қолбасшылар мен қолбасшылардың назарын аударды. Барлық әскери қызметші 3 апта бойы оқыту пәндері бойынша сынақ тапсырып, өздерінің кәсіби біліктілігін растауға тиіс.

Министр бұл оқу жылындағы жауынгерлік даярлықты бағалаудың негізгі құрамдас бөлігі болатынын атап өтті. Әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігі, диверсияға қарсы және өртке қарсы қауіпсіздігінің жай-күйі де тексеріледі.

"Бағынысындағылар арасында құқық тәртібін сақтауда жүйелі кемшілік болған жағдайда, әрбір лауазымды адамға тәртіптік сипаттағы шаралар, тіпті лауазымын төмендетуге және Қарулы күштер қатарынан шығаруға дейінгі шаралар қабылдануға тиіс", - деді қорғаныс министрі.

Тараз маңындағы жарылыс

Еске сала кетейік, 26 тамыздың кешінде Жамбыл облысында 28349 әскери бөліміндегі қоймадан өрт шықты, бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарыла бастады. Кем дегенде 10 жарылыс болды. Төтенше жағдай салдарынан 17 адам қаза болды. Олардың арасында азаматтық қорғау органдарының он қызметкері, қорғаныс министрлігінің алты әскери қызметкері мен әскери прокурор бар.