АЛМАТЫ, 5 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозерді қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президент АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозермен еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты кездесті.
Тоқаев Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық серіктестікті кеңейтуге қосқан үлесі үшін америкалық дипломатқа алғыс айтты.
"АҚШ-тың елшісі ретінде атқарған қажырлы еңбегіңізге ризашылығымды білдіремін. Құрама Штаттар – Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш боп мойындаған елдердің бірі. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз", - деді президент.
Мемлекет басшысы достас екі ел халықтарының игілігі жолында Қазақстанның АҚШ-пен арадағы конструктивті ынтымақтастығын кеңейтуге ниетті екенін нақтылады.
Уильям Мозер Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Сонымен қатар америкалық дипломат Вашингтонның Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі екенін жеткізді.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық және Ауғанстандағы жағдайға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесу соңында президент Уильям Мозерге алғыс хат пен арнайы төсбелгі табыс етіп, дипломатиялық қызметінде табыс тіледі.
Мозер АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметіне 2019 жылдың ақпанында кірісті. Оның дипломатиялық саладағы мансабы өткен ғасырдың сексенінші жылдары басталды. Қазақстанға келгенге дейін Украинада, Мысырда, Суринамда, Малиде және басқа елдерде жұмыс істеді.