Өңірлер

Петропавлда дәмханаға барған шенеуніктер ұятқа қалды – оқиғаның мән-жайы

Медициналық тексеріс кезінде екі шенеуніктің орташа деңгейде мас болғаны анықталды
Sputnik

ПЕТРОПАВЛ, 4 қазан –  Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында этика жөніндегі кеңес аудандық ветеринария инспекциясының басшысын жұмыстан босатуға ұсыныс жасады. Ал оның тағы бір әріптесі жазадан құтылудың амалын тауып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Тәртіптік іс материалдарына сәйкес, ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау комитетінің Есіл аудандық инспекциясы басшысы Таңатар Айқожаев өзінен жоғары тұрған Сергей Калякинді күтіп алған. Облыстық инспекцияның басшысы ауданға іссапармен келген болатын. Екеуі жұмыс уақытында дәмханаға барып, ішімдік ішкен. Отырыстың арты жанжалға ұласып кетті. Шенеуніктер шу шығарып, тәрелке мен стақан сындыруға дейін барған. Даяшыларға полиция шақыруға тура келді.

"Олар жалпыға ортақ этикалық нормалардың бұзды. Даяшының айтуынша, ішімдікке сылқия тойған Айқожаев банкет залында үстелдің үстінде ұйықтап қалған", - делінген ресми хабарламада.

Медициналық тексеріс кезінде екеуінің орташа деңгейде мас болғаны анықталды. Ал этика жөніндегі кеңестің қарауына тек Таңатар Айқожаевтың ісі ғана шығарылды. Себебі Сергей Калякин осы оқиғадан кейін өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазды. Осыған байланысты кеңес мүшелері өз наразылығын білдірді. Өйткені Калякин жазадан құтылып, біршама уақыттан кейін қайтадан мемлекеттік қызметке тұра алады.

Отырыста Таңатар Айқожаевтың ісі жан-жақты қаралды. Кеңес мүшелерінің бір бөлігі мемлекеттік қызметшіні жұмыстан босатуды талап етсе, басқалары оны қорғап, бір ретке кешірім жасауға ұсыныс жасады. Себебі 10 жылдық тәжірибесі бар шенеунік бұған дейін бірде-бір рет жазаға тартылған жоқ, сөгіс де алмапты. Кеңес мүшесі Инесса Қуанова оған қатаң сөгіс беруді ұсынды.

"Айқожаев дәмханға жалғыз барған жоқ. Басшысымен бірге барды. Сергей Калякин этика жөніндегі уәкіл қызметін де атқарған. Сондықтан басшыға қатысты жаза қатты болуы керек. Иә, Айқожаев дәмханаға жұмыс уақытында басшылықпен бірге барды. Бірақ біз мән-жайды білмейміз ғой. Бәлкім, оны Калякин шақырған шығар. Аудандық басшы не істейді? Әрине, барады. Дәмханада спирттік ішімдік ішудің өзі этиканы бұзу болып саналмайды. Жұмыс уақытында ғана барғаны дұрыс болмады. Ол он жылда алғаш рет қателік жасап отыр. Біз болсақ, оны жұмыстан бірден босатуға ұсыныс жасамақпыз. Сосын кадр тапшылығы да бар. Меніңше, ол өз қателігін онсыз да түсінеді", - дейді Қуанова.

Алайда этика жөніндегі кеңестің төрағасы Елена Степаненко шенеунікті жұмыстан босатуға толық негіз бар деп шықты. 

"Ертең мемлекеттік қызметшілердің бәрі жұмыс уақытында спирттік ішімдік ішкісі келіп, дәмханаға барса, не болады? Біз болсақ, кадр жоқ деп, отыра береміз бе?" – деп атап көрсетті Степаненко.

Дауыс беру кезінде кеңес мүшелерінің дауыстары тең болып шықты. Содан шешуші дауысты төраға жасады. Ол аудандық инспекция басшысын жұмыстан босатуды қалады. Осылайша, кеңес тарапынан шенеунікті қызметінен алуға ұсыныс жасалды.