НҰР-СҰЛТАН, 4 қазан — Sputnik. Алматының білім басқармасы 2020 жылы үздік нәтиже көрсеткен мемлекеттік мектептер рейтингісін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Білім беру мекемелері үздік және жақсы оқитын оқушылар саны арқылы бағаланды. Сондай-ақ оқушылардың олимпиадаларға қатысуы да назарға алынды.
32 мектеп жұмыс істейтін Әуезов ауданы 97,74% нәтижемен қалалық рейтингінің бірінші орнына жайғасты.
Екінші орында – Алмалы ауданы: 29 мектеп бар бұл ауданның нәтижесі 90,31%.
Үздік үштікті 87,26% нәтижемен Түрксіб ауданы тұйықтап тұр.
Наурызбай ауданы қалалық мектептер рейтингісінде төртінші орында тұр. Аудандағы тоғыз мектепте 16 мыңға жуық бала оқиды. Мұнда әрбір үшінші оқушы үздік, оқушылардың 40%-тен астамы жақсы оқитындар екені және 2020 жылы 340 оқушы олимпиадаға қатысқаны белгілі болды.
Орташа оқу мекемелерінің ішінде Ш.Уәлиханов атындағы №12 гимназия бірінші орында тұр.
Мектеп рейтингі туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.
Алматы мектептеріндегі инновациялар
Жыл сайын қазақстандық мектептер оқу процесіне жаңашылдық енгізе отырып, көшбасшылық орын үшін жарысады.
Осы оқу жылында премьер-министр Асқар Мамин BINOM School мектебін ашты. Бұл қазақстандық білім беру процесінде озық әдістемелерді енгізудің жаңа брендіне айналды. Мұндай форматтағы мектептер әзірге тек елордада ғана ашылады.
Алматылық мектептер де инновациялар енгізуден кейін қалмауға тырысады. Мұғалімдер күні қарсаңында осы рейтингте 59-шы орында тұрған Наурызбай ауданындағы №174 мектеп-гимназияда робот техникасының сыныбы ашылды.
Мамандандырылған кабинетте күрделі жөндеу жүргізіліп, 16 заманауи ноутбук, екі 3D принтер, 3D сканер, интерактивті панель мен басқа даинновациялық жабдықтар орналастырылған. Жоба құны 10,6 миллион теңгеден (шамамен 25 мың доллар) асып кетті.
"Сәби" қорының негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетов мектепте жоғары сынып оқушыларының мамандық таңдауына ықпал ету үшін арнайы тестілеу тұрақты жүргізілетінін, түлектер жоғары оқу орнына оқуға түсуге және білім гранттарын алуға даярлықтан өтетінін, шет тілдерін, математика және бағдарламалауды тереңдетіп оқыту қарастырылғанын айтты.
№174 гимназияның құрылысын "Сәби" қайырымдылық қоры жүргізіп, 2017 жылы пайдалануға берді. Бұл әзірше 12 мың шаршы метрді құрайтын және 1 200 оқушыға арналған осындай ауқымды нысан жеке қаражат есебінен салынып, қалаға сый ретінде тарту етілген жалғыз жағдай.