Өңірлер

Көкшетаулық өнертапқыш құрғақшылықпен күресудің ерекше әдісін ойлап тапты

Серікбай Сағындықовтың өнертабысы бойына жинаған қарды нығыздап, оны мұзға айналдырып шығарады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 қазан – Sputnik. Көкшетаулық Серікбай Сағындықов егістік алқаптарында ылғалды ұзақ сақтауға көмектесетін тың технология ойлап тапты, деп хабарлады "Хабар 24".

Автордың айтуынша, ол ұсынып отырған құрылғы қарды нығыздап, оның тез еріп кетуіне жол бермейді. Ал мұндай идеяның келуіне биылғы құрғақшылық сеп болған.

Жас кезінде егін сепкен Серікбай ағаның биыл жаз бойы толғанып тапқан шағын техникасының сызбасы қарапайым ғана. Ол тракторға тіркеме ретінде жалғанатын үш бұрышты үлкен сүзгіге ұқсайды. Ал жұмыс істеу тәсілі – бойына жинаған қарды нығыздап, оны мұзға айналдырып шығару.

"Тиімділігі жоғары технологияны іске асыруға да көп қаражат кете қоймайды", - дейді автор.

"Мұндай техниканы жасау үшін әрі кетсе 1 миллион теңге қаражат кетер. Тіпті одан да аз қаржыға жасап алуға болады. Ал тиімділігі бірнеше есе артық. Өнімділігі де жоғары. Трактор жақсы болса, бұнымен күніне 100-200 гектар жердің қарын өңдеуге болады",- дейді Серікбай Сағындықов.

Өнертапқыш тың техниканы қыстың соңына қарай негізінен биік жерлерге қолдану керектігін айтады. Себебі қыраттарда қар көп тұрмайды. Ал ол нығыздалып мұзға айналған соң ұзақ ериді. Сондықтан бұл қардың әдеттегіден 2-3 аптаға кеш еруіне көмектеспек.  

"Енді маған бұл агрегатты сынап көру керек. Бірақ ол үшін оны алдымен жасап шығатын қаражат қажет. Сондықтан инвестор іздеймін. Тым болмаса бұл жобаға мемлекеттен қаржы алып отырған ауыл шаруашылығы институттары көңіл бөлсе деймін. Серіктес табылса, бірігіп жұмыс істеуге дайынмын", – дейді ол.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық өзі құрастырған көлікті миллион долларға бағалады 

Айта кетері, биыл солтүстік аймақтарда көптен бері болмаған қуаңшылық болып, астық жылдағыдан 1-1,5 миллион тоннаға аз жиналды. Алайда өткен қыста қар көп түсті.

"Міне, соны егін алқаптарында ұстай алмағанымыз қынжылтады", - дейді өнертапқыш.

Айтуынша, қазір бұған ғалымдар да бас қатырып жатқан жоқ. Жобасы қолдау тауып, жүзеге асып жатса, көкшетаулық азамат оны инновациялық идеялар байқауында да таныстырмақ ниетте.