АЛМАТЫ, 1 қазан – Sputnik. Қарағанды облысы коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақтан шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомстоаралық комиссия өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жариялады.
Соған сәйкес, бірінші қазандағы жағдай бойынша "қызыл" аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Павлодар облысы қалды.
"Сары" аймақта Шымкент қаласы, Атырау, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары бар.
Ал "жасыл" аймақта Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары тұр.
Кеше, 30 қыркүйекте Ақмола облысы коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақтан шықты.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 2 096 науқас тіркелді. Ең көп науқас Алматы қаласы (498 адам), Нұр-Сұлтан қаласы (284 адам) және Алматы облысында (233 адам) анықталды.