Әлем

Қырғызстан президенті өз үйін мұқтаждарға берді

Қырғызстан басшысы өз ісімен осындай мүмкіндіктері бар басқа да азаматтарды баспанаға зәру жандарға көмектесуге үндеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың отбасы Бішкектегі тұрғын үйін қайтарымсыз негізде Мемлекеттік ипотекалық компанияның балансына тапсырды. Бұрын бұл үйде мемлекет басшысының өзі тұрған, деп хабарлайды республика басшысы әкімшілігінің сайты.

Садыр Жапаров баспананың құжаттарын өзі тапсырып, МИК басқарма төрағасы Аида Тологонованы тұрғын үйдің параметрлерін таныстырды.

Қырғызстан президенті өз үйін мұқтаждарға берді

Жапаровтың айтуынша, бұл үйді оның отбасы 2005 жылы сатып алған, ал 2010 жылдары басқа жерге көшіп кеткен. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін үй мектепке дейінгі балалар мекемесі ретінде жұмыс істеген.

"Президент бүгінгі акцияның мақсаты жеке баспана нарығын жақсарту, осылайша Мемлекеттік ипотекалық компанияға "Менің үйім 2021-2026" жаңа мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында мұқтаж жандарды баспанамен қамтуға көмектесу екенін атап өтті", - делінген хабарламада.

Садыр Жапаров Қырғызстанда жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылғанын еске салды. Соның арқасында бюджет саласының қызметкерлеріне дайын үйді сатып алуға несие жылдық 4% ставкамен беріледі.

Бұдан бөлек, қалған санаттағы азаматтардың да осы бағдарлама бойынша баптапқы жарнасыз дайын баспананы сатып алуға мүмкіндігі бар. Бұрын бастапқы жарна жылжымайтын мүлік құнының 30 процентін құраған еді.

"Бұл акциямен қаржылық мүмкіндіктері бар қырғызстандықтарды баспанаға шынымен зәру адамдарға көмектесуге шақырамыз. Өздеріңіз білесіз, көбі үйге ақша жинау үшін шетелге жұмысқа кетеді. Осыған байланысты азаматтарға қолжетімді етіп, шарттарды жеңілдету үшін ипотекалық кредиттеу бағдарламасын өзгерту туралы шешім қабылданды", - деді Жапаров.

Президенттің айтуынша, егер МИК бұл үйді аукционға шығарса, содан түскен ақшаға жеңілдікпен ипотекалық кредиттеу бағдарламасы аясында 10 отбасыны пәтермен қамтамасыз етуге болады.

Бұдан басқа, мемлекет басшысы азаматтардың ақша, жылжымайтын мүлік түрінде түскен кез келген көмегі мемлекеттің бақылауында және бұл мәселе барынша ашық екеніне назар аударды.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандардан тәркіленетін тұрғын үйлер де МИК балансына өтеді.

МИК басшысы Аида Тологонова президенттің отбасына ипотекалық бағдарламаны қолдағаны үшін алғыс айтты.

Анықтама: "Менің үйім 2021-2026" жаңа мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы 2021 жылдың 16 қыркүйегінде басталды. Бағдарламаға қатысатын азаматтар мына бағыттар бойынша ипотека ала алады:

  • "Жеңілдікпен ипотека" – 4% (бюджет саласының жұмысшылары мен мемлекеттік қызметшілер үшін);
  •  "Қолжетімді ипотека" –  8% (қалған санаттағы азаматтар үшін).