НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесі алдағы айларда өте тығыз болатынын айтты.
Уәли кейінгі айларда Қазақстанның сыртқы саяси белсенділігі едәуір артқанын атап өтті. Айтуынша, тамыз-қыркүйек айларында Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік деңгейдегі 10 саммит пен форумға, оның үшеуіне офлайн, жетеуіне онлайн режимде қатысты. Екі мемлекетке сапармен барды және 7 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті. Сонымен қатар 12 шетелдік делегацияны қабылдады.
"Алдағы айларда да президенттің жұмыс кестесі өте тығыз болмақ. Атап айтқанда, жақын және алыс шетелдерге сапармен бару, бірнеше саммитке қатысу, сондай-ақ Қазақстанға келетін жоғары лауазымды шетелдік қонақтармен кездесу және басқа да маңызды сыртқы саяси іс-шаралар жоспарланған", - деп жазды ол Facebook-те.
Қазақстан барлық бағыт бойынша сыртқы саяси аренадағы ықпалдастығын нығайтып келеді. Халықаралық байланыстардың да географиясы кеңейе түскен.
"Қазіргі ахуал коронавирус пандемиясына дейінгі кезеңге қарағанда халықаралық ынтымақтастықтың маңызы бүгінде арта түскенін көрсетеді. Әлемде жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер пайда болды. Көптеген аймақта, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттерімен шекаралас өңірлерде жағдай шиеленісіп тұр", - деп атап өтті президенттің баспасөз хатшысы.
Айтуынша, экономикалық дағдарыс іс жүзінде барлық құрлықты қамтыды. Көптеген ел арасында тауар айналымының деңгейі төмендеп, көлік-логистикалық байланыстар саласында қиындықтар туындады. Мемлекеттер басшыларының саяси ерік-жігерінсіз әлемнің қалыпты өмірге оралуы екіталай, деп санайды Уәли.
Оқи отырыңыз: "Бауырластықтың шынайы рухы": БҰҰ басшысы Тоқаевқа алғыс білдірді
Сондай-ақ ол пандемия салдарын еңсеру басты мәселелердің бірі болып қала беретінін мәлімдеді. Саясаткерлер COVID-19-ға қарсы вакцина жасау және тасымалдау жөніндегі ынтымақтастық мәселелерін талқылауда.
Пандемиядан кейінгі әлемдегі жағдайға қатысты мәселе жоғары деңгейдегі кездесулердің күн тәртібіне жиі қойыла бастады.
Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың жаңа формалары талқыланып жүр. Сонымен қатар Оңтүстік Кореяның, Ресейдің, Еуропа одағының басшыларымен келіссөздер кезінде цифрландыру және жаңа технологиялар салаларындағы нақты жобаларды іске асыруға мән берілді.
Халықаралық ынтымақтастықтың барлық бағыт бойынша жандануы пандемиядан кейінгі кезеңдегі әлемнің қалыптасуына ықпал етуге тиіс. Сол кезде шекаралар ашылып, саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және халықаралық байланыстар жаңа деңгейге көтеріледі, деп түйіндеді Берік Уәли.