Қоғам

Карьерасын аяқтаған Тұрсынбаева енді Қызылордада балаларды жаттықтырады

Тұрсынбаеваның жарақатына байланысты спорттағы мансабын аяқтағаны белгілі. Спортшы бұдан былай Сыр жастарын мәнерлеп сырғанауға баулитын болады
Sputnik

ҚЫЗЫЛОРДА, 30 қыркүйек – Sputnik. 21 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Қызылордадағы спорт мектебіне жаттықтырушы болып келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Элизабет Тұрсынбаева таяуда әлеуметтік желіде карьерасын аяқтағаны туралы хабарлаған болатын. Бүгін Қызылордада өткен баспасөз конференциясында ол ресми мәлімдеме жасады.

"Мен кішкентай кезімнен мәнерлеп сырғанаудың шебері болуды қаладым және сол жолда барымды салып дайындалдым. Үлкен жетістіктерге де қол жеткіздім. Әрине бұл мені қолдаған жандардың арқасында деп білемін. Өкінішке қарай денсаулығыма байланысты спорттағы мансабымды аяқтауға тура келді. Бұл шешімге келу қиын болды. Бірақ алда әлі талай жақсы жаңалықтар көп болады деген сенімдемін. Мені қолдаған баршаларыңызға алғыс айтамын", - деді Тұрсынбаева.

Карьерасын аяқтаған Тұрсынбаева енді Қызылордада балаларды жаттықтырады

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жағыпар Тажмаханов спортшының енді Қызылордада балаларды жаттықтыратынын айтты.  

"Осы уақытқа дейін қысқы олимпиадаға дайындықтар жасап, Элизабеттен үлкен көрсеткіштер күткен едік. Дегенмен жарақатына байланысты осындай шешім қабылданды. Біз басшылық ретінде де, Элизабеттің жанкүйері ретінде де бұл шешіміне үлкен құрметпен қараймыз. Елімізде мәнерлеп сырғанау спорты кенже қалса да, оған қызығушы жастар көп. Сондықтан Элизабет Байтаққызы спорттан алыстамайды. Қазіргі таңда басқармаға қарасты спорт мектебінің мәнерлеп сырғанау бөлімінде жаттықтырушы қызметін бастады", - деді ол.

Сондай-ақ брифингте Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі және жеке бапкері Байтақ Тұрсынбаев бұл шешімге байланысты өз пікірімен бөлісті.

"Элизабет мәнерлеп сырғанау спортына 2005 жылы келді. Сегіз жасында елде өткен барлық жарысқа қатысты. Сондай-ақ Қазақстанның құрама командасында бой көрсетті. Осы аралықта Элизабет үлкен жетістіктерге жетті. Қазақстанның атын әлемге танытты десек те болады. Біздің алға қойған мақсаттарымыз өте көп болатын. Қысқы олимпиадаға қатысуды жоспарлаған едік. Дегенмен денсаулығы сыр бергеннен кейін осындай шешімге келдік. Әрине мұндай шешім шығармас бұрын көп ойланып, толғандық. Бірақ ұзақ уақыт бойы арқасындағы жарақатынан толық айыға алмады",– деді Тұрсынбаев.

Оқи отырыңыз: Тұрсынбаева анасының сөзі үшін кешірім сұрады