Экономика

Дизель отыны неге қымбаттап кетті - энергетика министрі түсіндірді

Тапшылық мәселесін шешу үшін Ресейден қосымша дизель отынын сатып алуға шешім қабылданды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев дизель отынының қымбаттауына себеп болған мәселелерді айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Шыны керек, осы мәселе көп адамды мазалап жүр. Отын дағдарысы бүгін басталған жоқ. Тамыз айынан бері бізде дизельдің қоры азая бастады. Сол кезде астық жинау жұмыстары басталап кетті. Осыған байланысты мұнай базаларында қор азайып қалды", - деді Мырзағалиев үкіметте өткен онлайн брифингте.

Министрдің айтуынша, бағаның айырмашылығы да әсер етіп отыр.

Қазақстан мен Ресейдегі дизель отынының бағасы бірдей емес, айырмашылығы – 90 теңге. Қырғызстан мен Өзбекстанда 70-80 теңгеге қымбат. Сол себепті жүк көліктері оны Қазақстаннан құйып алуға тырысады.

Тапшылық мәселесін шешу үшін Ресейден қосымша дизель отынын сатып алуға шешім қабылданды.

"Мен орынбасарымды Мәскеуге жібердім. Ол кәсіпкерлермен бірге Ресейдің энергетика министрлігінде зауыттармен келіссөз өткізді. Қазір көрші елден дизель отыны келе бастады. 1-20 қыркүйек аралығында елге 5 мың тонна дизель ғана кірсе, соңғы бір аптаның ішінде 15 мың тонна жеткізілді", - деп атап өтті Мырзағалиев.

Сонымен қатар Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы дизель отынын өндіретін қондырғыны жөндеу мерзімі 10 күнге шегерілді. Осы уақыт ішінде ішкі нарықты отандық дизельмен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

"Ал бағаға келетін болсақ, оны нарық реттейді. Шекарамыз да ашық. Сондықтан баға мәселесі өзекті болып қала береді. Біз тек нарыққа қажетті өнімді жеткізуге тырысып отырамыз", - дейді министр.

Оқи отырыңыз: