Денсаулық

"Дельта" штамын жұқтырған жүкті әйелдің жағдайы екі күнде асқынады – дәрігер

Лаура Мырзағали кейінгі кезде қала тұрғындары арасында індеттің бас ауруы, іш өту секілді белгілері жиі байқалып жатқанын айтты
Sputnik

АЛМАТЫ, 29 қыркүйек – Sputnik. Алматыда коронавирустың "дельта" штамы жылдам таралып жатыр. Ол жүкті әйелдердің жағдайын нашарлатады. Бұл туралы брифингте қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Алматыда коронавирустың "дельта" штамы басымдық танытып отыр. Мұны кейінгі кезде жүкті әйелдердің коронавирус жұқтырған кездегі ауыр жағдайы арқылы біліп отырмыз. Олармен жұмыс істейтін біздің мамандардың айтуынша, "дельта" штамы оңтүстікафрикалық, бразилиялық штамнан да жылдам тарайды. Әйелдердің жағдайы екі күнде асқынады. Мысалы ауруханаға түскен кезде өкпесінің 24%-і зақымданса, екі күннің ішінде бұл 54%, 66% болып кетеді. Тіпті 78% дейін жетеді. Біз қазір өкпесінің 88%-і зақымданған әйелді емдеп жатырмыз. Оның тірі қалуын тілеп отырмыз", - дейді Лаура Мырзағали.

Маманның айтуынша, жүкті әйелдердің коронавирус жұқтыруына жүктілік кезінде ағзасының әлсіреуі мен ілеспе аурулары әсер етеді.

Сондай-ақ маман кейінгі кезде қала тұрғындары арасында бас ауруы, іш өту секілді ауру белгілері байқалатынын айтты.

Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қалада коронавирустың "дельта" штамын жұқтырған науқастардың азайып жатқанын айтты. "Симптомы бар" науқастар саны қыркүйектің басындағы 96%-тен 27 қыркүйекте 92%-ке дейін төмендеген.

Оқи отырыңыз: Алматыда коронавирус жұқтырған балалардың саны артты 

Айта кетері, бұған дейін отандық QazVac вакцинасын жасаушылардың бірі Күнсұлу Закария ғалымдардың QazVac вакцинасына дельта штаммен күресуге қауқарлы болу үшін штамдық өзгерістер енгізгенін хабарлады.