Спорт

Қызуқанды екен: матч кезінде бапкер төрешіні бетінен ұрды – видео

Бапкері ерсі қылық танытқан командаға техникалық жеңіліс есептелді. Ойын 0:3 есебімен қарсылас команда пайдасына шешілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек — Sputnik. Италияда "Карпиньяно" командасының бапкері Джованни Алози төреші Андреа Фелисті бетінен ұрды, деп хабарлайды Eurosport.

Оқиға елдің жетінші дивизионындағы Prima Categoria чемпионаты аясында "Оледжо-Кастелло" матчында болған.

​Төреші ​Алозиді алаңнан қуған болатын. Бұған ызаланған бапкер төрешіге жұдырық ала жүгірді. Бұл уақытта "Карпиньяно" 0:2 есебімен жеңіліп жатқан. 

Бапкер өз қылығы үшін кешірім сұрады. Кейін бас бапкер қызметінен кетті. Алайда оған қарсы санкциялар мен ұзақ мерзімге шеттеу жазасы қолданылады. 

Бапкері ерсі қылық танытқан командаға техникалық жеңіліс есептелді. Есеп - 0:3.

Жуырда осыған ұқсас жағдай қазақстандық хоккейшілер арасында болған еді. Алайда бапкер емес, қақпашы өз командасының қорғаушысын ұрды. 

Бұл оқиға "Ақтөбе" мен "Торпедо" хоккей клубтары арасындағы матч кезінде болған. Өскемен командасының қақпашысы Антон Осокин шайбаны өткізіп алғаннан кейін өзінің қорғаушысы Кирилл Индюковты бір ұрды. Осы сәттің видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.

Индюков қақпаны қорғаймын деп, шайбаны екі аяқтың арасымен өткізіп алған. Бірақ қақпашы оны сол аяғымен қайтара білді. Ал "Ақтөбе" клубының шабуылшысы тоқтаған жоқ, кері серпілген шайбаны тағы бір ұрып, қақпаға кіргізіп жіберді. Осы кезде "Торпедо" қақпашысы қорғаушыны шықшыттан бір ұрады.