Қоғам

Журналистерді үкімет пен парламентке неге кіргізбейді – Тоғжанов не деді

Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанына қарамастан, барлық санитарлық талап алынып тасталған жоқ, деді Ералы Тоғжанов
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда журналистерді офлайн брифингтерге қатыстыру мәселесі қазір қарастырылып жатыр. Бұл туралы вице-премьер Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер Тоғжановтан тойларға рұқсат берілгеніне қарамастан, мемлекеттік органдарда өтетін іс-шараларға журналистерге қатысуға неге әлі күнге тыйым салынып отырғанын сұрады.

"Ең алдымен Нұр-Сұлтан қаласы әлі де "қызыл" аймақта тұрғанын еске салғым келеді. Сіздер білесіздер, ШОБ саласынан той-томалақ өткізуге рұқсат беру туралы өтініш өте көп түсті. Журналистерді мемлекеттік мекемелерге кіргізуге қатысты тоқталсам, бүгінде журналистер мен қатардағы қазақстандықтар үшін ақпарат алуға шектеу жоқ. Журналистерге шараларға баруға қойылған карантиндік шектеулер цензура емес және ақпаратқа қол жеткізуге кедергі келтіру болып саналмайды. Үкіметте, парламентте өтіп жатқан бүкіл отырыс БАҚ-та жарияланады, онлайн трансляцияланады", - деді Ералы Тоғжанов.

Айтуынша, эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанына қарамастан, барлық санитарлық талап алынып тасталған жоқ. Ол әлеуметтік арақашықтық, бетперде режимі және тағы басқа.

"Сол себепті министрлер қазір жиналыстарға бейнебайланыс арқылы қатысады. Жалпы бүгінде ақпаратқа қолжетімділік бетпе-бет кездесумен шектелмейді, өзге де толып жатқан мүмкіндіктер бар. Бұл жазбаша сауал жолдау, журналистердің тікелей хабарласуы, сондай-ақ онлайн кездесулер мен брифингтер, электронды үкімет пен әлеуметтік ресурстар арқылы кері байланыс", - деді вице-премьер.

Тоғжанов қазір журналистерді мемлекеттік органдардың ғимаратына кіргізу мәселесі күн тәртібінде тұрғанын атап өтті. Ведомствоаралық комиссияның алдағы отырыстарында бұл мәселе қаралады.

Айта кетері, пандемия басталғалы бері республикада бүкіл ресми іс-шара журналистердің бетпе-бет қатысуынсыз өтеді.