НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек – Sputnik. "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы әлеуметтік желіде тараған видеоларды растады. Бірақ дәл қазір Бурабай тасжолында жауған қардың басым бөлігі еріп кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Компанияның ақылы жолдар дирекциясының бас инженері Қанат Сәдуақасовтың айтуынша, бүгін Бурабайға жақын жерде қар жауған. Бірақ арнайы техника жолды тазартып қойды.
"Ұзындығы 60 шақырым болатын жол учаскесінде, нақты айтсақ, 170-ші шақырымнан бастап 231-ге дейінгі жерде қар жауған. Қазіргі кезде 7 техника жұмыс істеп жатыр. Жолды қардан тазалап қойды, шетінде қар жатыр. Бірақ жол апаты тіркелмеген. Кішігірім жағдай ғана болды. Көктайғақ жоқ", - деді Сәдуақасов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.