Психологтар Алматыда 5 кісіні өлтірген ер адамның әрекетіне пікір білдірді

Алматыда бес кісіні атып өлтірген адамда психологиялық ауытқу бар деп айтуға бола ма? Адамдарға қарсы оқ атуға не себеп болды? Басқа адамдар оның бұл әрекетін қайталауы мүмкін бе? Осы және өзге сұрақтарға мамандар жауап берді
Sputnik

АЛМАТЫ, 26 қыркүйек – Sputnik, Ольга Тонконог. Жиырмасыншы қыркүйекте Алматы тұрғыны Игорь Дужнов өзін үйден шығаруға келгендерге оқ жаудырды. Екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі және оның танысы қайтыс болды. Ер адам ұсталды. Бес адамды өлтіргені үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұл іске байланысты қазақстандықтардың пікірі екіге бөлінді. Кейбірі банк және сот-атқару жүйесі талапты дұрыс қойды деген пікірде, ал екінші тарап Дужнов және оның отбасының адами құқығы бұзылды деп есептеп, оған жанашырлықпен қарап отыр. Олар сондай-ақ мұндай жағдайға көптеген қазақстандық тап болуы мүмкін екенін айтады.

Сонымен қатар оқиға жария етілгеннен кейін Игорь Дужновтың отбасы мен оның әйелі Анаида Демирчанға қатысты басқа да мәліметтер пайда болды. Бірнеше адам ерлі-зайыпты қарыз алғанын, алайда қомақты қаржыны қайтармағанын айтты. Сондай-ақ 2014 жылы Дужнов Донбаста соғысқан деген қауесет тарады.

Sputnik Қазақстан психология саласындағы бірнеше маманмен сұхбаттасып, бұл жағдай бір адамның мәселесі ме әлде әлеуметтік құбылыс па деген сұраққа жауап іздеді.

Психологиялық ауытқуы бар адамдар сирек қылмыс жасай ма

Соттың түпкілікті шешімі шықпай және ол заңды күшіне енгенге дейін қандай да бір түсініктеме беру, оның ішінде психикалық жағдайына қатысты баға беру этикаға жат. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы Ринат Мұзафаров осындай пікірде. Сондай-ақ жеке адам мен оқиға туралы БАҚ арқылы біліп, пікір білдіру кәсіби емес деп санайды.

"Адамның стресс жағдайындағы психологиялық күйі туралы жобалап қана айтуға болады. Бірақ біз әртүрліміз, ал біздің болжамымыз жеке басымыздың, өмірлік тәжірибеміздің, қалыптасқан нанымымыздың призмасы арқылы көрінеді", - деді ол.

Сондай-ақ жалпы денсаулық жағдайын, жеке ерекшеліктерін, микро және макроәлеуметтік ортаның әсерін және оқиғаның алдындағы кезеңдегі психологиялық жағдайды ескеру қажет, - деп толықтырды Ринат Мұзафаров.

Маман құқықбұзушылықтың осы санатына қатысты сот-тергеу шаралары аясында кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу міндетті екенін айтты.

Сондай-ақ ол "жекелеген қару-жарақ айналымын мемлекеттік бақылау туралы" заңға сәйкес, қару алудан бұрын адам рұқсат алуы керек екенін айтты. Шарттардың бірі ішкі істер органдарына терапевт, невропатолог, офтальмолог, психиатр және наркологтан қарсы көрсетілімдері жоқ екенін айғақтайтын анықтама ұсынып, медициналық тексеруден өтуі қажет.

"Атап айтқанда, психиатр мен наркологқа адам динамикалық бақылаудағы жай-күйі туралы деректер базасы бойынша тексеріледі. Психиатриялық куәландыру, психологиялық тестілеу жүргізіледі, психобелсенді заттар метаболиттерінің болу-болмауы зерттеледі", - деді Ринат Мұзафаров.

Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен азаматтық және қызметтік қару, азаматтық пиротехникалық заттар айналымы саласында рұқсат алу үшін медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесі бекітілді.

"Бұл тізімде, органикалық психикалық бұзылулар, шизофрения, шизотиптік және сандырақтайтын жағдайлар, ақыл-ой кемістігі және басқа диагноздар бар", - деді Мұзафаров.

Заңнамаға сәйкес, әр бес жыл сайын медициналық тексеруден өтуі қажет, бірақ барлық тексеру нәтижесі адам жағдайының сол сәтте қандай екенін және содан кейінгі қысқа уақытты ғана көрсетеді. Кейіннен медициналық қарсы көрсеткіштер тізіміне кіретін ауру асқынуы мүмкін.

"Психиатр немесе наркологта тіркелмеген және психикалық ауруы жоқ адамдарға қарағанда қандай да бір тіркеуде тұратын адам атыс қаруын қолданып, адамға қарсы қылмыстар сирек жасайды деп айта аламын", - деп түйіндеді ол.

Нормадан ауытқу ма

Психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова бұл жеке шекара бұзылуы болуы мүмкін екенін айтты.

"Ол адамдардан ақша алып, "лақтырып", қайтармағаны туралы әңгіме...шекараның бұзылуы туралы айтар едім. Ол шекараны бұзады, сөз береді және сөзінде тұрмайды. Содан кейін оның ар-ұяты бар ма деген сұрақ туындайды. Ар-ұяттың болмауы да ауытқу. Себебі баланың жеке басының қалыпты психоэмоционалды дамуы кезінде бес-алты жаста ар-ұят пайда болады", - дейді маман.

Анна Құдиярова ар-ұяты берік адам басқа адамды алдауға және қандай жағдайда да адамды өлтіруге бармайтынын айтты.

"Екінші жағынан, егер ол мұндай қадамға барса, бұл үмітсіздік, шарасыздық. Алайда пайдаға кенелуге келгенде ешкім ар-ұятқа қарамайды, бәрі ұмытылады", - деп атап өтті Құдиярова.

"Банктер адамдардың қайғы-қасіретінен көп ақша жасайды. Бірақ адамдар да әртүрлі. Олар кредит алады, өйткені олардың көпшілігі бала позициясында өмір сүреді : "ең бастысы – алу және жұмсау, ал ертең не болады деп ойлаймаймыз. Анам, әкем мейірімді, олар кешіреді. Банк немесе үкімет несиені кешіреді немесе жабады". Бұл жауапсыз әрекет. Кредитке тәуелділік деген термин бар. Бұл да тәуелділік және кез келген тәуелділік – бұл психикалық ауру", - деді психоаналитик.

Игорь Дужновтың Донбастағы соғысқа қатысуына байланысты Анна Құдиярова соғысты жақсы көретін адамдардан көбінесе жеке шекара бұзылу белгілерін табуға болатынын атап өтті.

"Кем дегенде, бұл социопатия, тіпті психопатия болуы мүмкін. Себебі түрменің орнына олар майданға немесе әскери оқиғаларға барады. Тыныш невротик ешқашан соғыс іздемейді немесе қолына қару алмайды. Бірақ шекара бұзылуы бар адамдар қоршаған әлемге дұшпан көзімен қарайды, агрессивті болады. Сондықтан олар атыс-шабыс фильм көріп қана қоймайды, соның ортасына барады", - деді психоаналитик.

Тығырыққа тірелгендер ессіз әрекетке барады

Психолог-кеңесші Елена Белокурова Дужновтың бастапқыда адам өлтіруді ойламаған болуы мүмкін екенін айтты.

"Біз шабуыл оның аумағында болғанын білеміз, яғни шабуыл оның мақсаты емес еді. Ол өз кеңістігін қорғауға тырысқан және басқа жол таппаған сияқты. Оның іс-әрекеті – бұл адам өз өмірінің қандай да бір оқиғаларын әділетсіз, заңсыз деп бағалағанда және мәселені шешу жолын көрмегенде туындайтын үмітсіздік", - деді Белокурова.

Үмітсіздік шарасыздық, әлсіздік пен қорқыныш сезімдерінен бұрын пайда болады. Белокурова алматылық өзін тығырыққа тірелгендей сезінгенін, ал мұндай жағдайларда адамның әрекетін болжау мүмкін емес екенін жеткізді.

Банк кредит бермес бұрын (әсіресе үлкен мөлшерде) клиенттің төлем қабілеттілігін мұқият тексеретіні белгілі. Егер ол осы қарызды алса, онда өтеуге мүмкіндігі болды.

"Қазір бүкіл әлемдегі өте күрделі, экономикалық тұрақсыз жағдай болып жатыр. Сонымен қатар пандемия және онымен байланысты шектеулер өмірдің барлық саласына кері әсерін тигізді, демек, бұл адам күрделі проблемаларға тап болған", - деді ол.

Елена Белокурова қазір кез келген адам осындай қиын жағдайға тап болуы мүмкін екеніне сенімді. Сондықтан көптеген елде азаматтардың осындай әрекеті мүмкіндігінше аз болуы үшін кредит жүктемесін қалай азайтуға болатыны туралы ойланып жатыр.

"Егер уақытылы шаралар қолданылмаса, онда біздің көптеген азаматымыз өзін тығырыққа тірелгендей сезінуі мүмкін, демек жағдайға байланысты ессіз әрекет етуі мүмкін. Өкінішке қарай, кей адам шешім қабылдайды ал басқалар соның зардабын көреді", - деп толықтырды психолог-кеңесші.

Адам өлтіргеннің бәрі "псих" емес

Клиникалық балалар психологы Жанна Сафиуллинаның айтуынша, адамды өлтіру мен психикалық бұзылыс үнемі бір-бірімен байланысты бола бермейді.

Психолог жеке дағдарыстағы адамдар, көптеген қиын кедергілерге тап болған кезде, қандай да бір қиын жағдайда шешім қабылдау мүмкін болмаған кезде, жасырын депрессиялық күй дамып, суицидтік үрдістер пайда болуы мүмкін деп болжайды. Олар айналадағы адамдар үшін мүлдем көрінбеуі мүмкін, тіпті адамның өзі де біле бермейді.

"Егер адам одан шығудың жолы жоқ деп ойласа, бұл мұндай қылмыстарды тудыратын өте күшті фактор болуы мүмкін. Мен ешқандай жағдайда біреудің жағына шыққым келмейді. Бірақ бұл жағдайда мен әртүрлі жағынан қарауға тырысар едім", - деп кеңес берді Сафиуллина.

Күйзеліс пайда болған қиын өмірлік жағдайда Жанна Сафиуллина көмек сұрауға кеңес береді. Бұл қайғылы жағдайды болдырмауға көмектеседі.

"Мұндай жағдайларда әлеуметтік қолдау қажет. Мұнда тек дәрігерлер немесе психологтар ғана емес, сонымен қатар өте сауатты, жақсы дайындалған әлеуметтік қызметкерлер де көмектеседі. Олар адамды қиын өмірлік жағдайда қолдап, қайғылы жағдай болмас үшін оның туыстарына мамандардың көмегі қажет екеніне назар аудара алады", - дейді психолог.