Видео

Әскери теңізшілер Каспийде жауынгерлік оқу-жаттығу тапсырмаларын орындады

Қазақстанның Әскери-теңіз күштері Каспий теңізіндегі жаттығулар кезінде жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті
Sputnik

Жаттығулар Қазақстандағы әскерлердің барлық түрі мен тармағын қамтитын тосын тексеру аясында өткізілді. Қорғаныс министрлігі тексеріс ел президентінің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқанын айтты.

Бұл тәжірибелік іс-қимылға "Қазақстан", "Орал", "Сарыарқа", "Маңғыстау" зымыран-артиллериялық корабльдері, "Алатау" мина-тралдық кораблі, "Жайық" гидрографиялық кемесі, жылдам жүретін қайықтар мен катерлердің жауынгерлік жүзушілер жасағы тартылды.

Маневрға барлығы 600-ге жуық матрос, оның ішінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер де қатысуда.

Арнайы әскери операциялар кезінде Каспий теңізінің қазақстандық секторында теңіздегі экономикалық қызмет нысандарын күзету және оларды қорғау ұйымдастырылды, жағалаудағы құрлық әскерлерінің іс-қимылын қолдау қамтамасыз етілді.

Плацдармды басып алу және оған оқ жаудыру үшін тактикалық теңіз десанты түсірілді. Авиация, зымыран күштері және артиллерия бөлімшелері бірлесе отырып, теңіз жағалауына түсірілген десантқа қарсы қорғанысты ұйымдастыру тапсырмаларын пысықтады.