Қоғам

Тоқаев айтқан бустерлік вакцина кімге салынады? 

Қазақстанда бустерлік вакцинаға қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. вакцинадан кейінгі иммунитеттің қанша уақытқа дейін сақталатынын жан-жақты зерделеп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Бүгінде бүкіл әлемде бустерлік вакцинаны салдыру мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Ал кейбір мемлекеттер оны егуге кірісіп кеткен. Себебі коронавирустың жаңа штамдары көбейіп барады. Оған қоса, вакцинадан кейін ауырып қалатын адамдардың саны артып келеді. Енді иммунитетті күшейту үшін үшінші дозаны салу қажет. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы жолдауында бустерлік вакцина туралы айтты. Бірақ оны қашан және кімге егеді? Үшінші доза коронавирусқа қарсы иммунитетті күшейте ала ма? Ревакциналау қалай өтеді? Sputnik Қазақстан осы мәселелерді зерделеп көрді.

Бустерлік вакцинаны егуге кірісті

Қазіргі кезде коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың арасында вирус жұқтырған адамдардың саны көбейіп жатыр. Ал кейбір ғалымдар оны жаңа штамдардың таралуымен байланыстырып отыр. Дегенмен бір мәселе анық, адамдардың коронавирусқа қарсы иммунитеті төмендеп қалған. Осыған байланысты бірқатар мемлекетте бустерлік вакцинаны салу шаралары басталды.

Мәселен вакциналау жағынан оқ бойы озық тұрған Израиль карантинді жеңілдетіп, бетпердені шешуге рұқсат берсе де, аз уақыттан кейін қайтадан шектеу шараларын енгізуге мәжбүр болды. Себебі вирус жұқтырғандардың саны көбейе бастады. Жақында ревакциналау қолға алынды. Әуелі екпенің үшінші дозасы 60 жастан асқан адамдарға егілсе, артынан 40 жастағылар да қосылды. Мұғалімдер, медицина қызметкерлері мен жүкті әйелдерге бустерлік вакцина салуға шешім қабылданды.

Осы елдің денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, екпенің екі дозасын алған зейнеткерлер бустерлік вакцина салдырса, коронавирусқа қарсы иммунитет 5-6 есеге күшейеді.

Ал Грекияда медицина қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын алуға міндеттелді. Ондай талап басқа саладағы қызметкерлерге де қойылады деген жоспар бар.

АҚШ сарапшылары бустерлік вакцинаны тек 65 жастан асқан адамдарға ғана салуға кеңес беріп отыр. Дегенмен коронавирусты жұқтырғаннан кейін аурудың асқыну қаупі болса, 18 жастан асқандардың барлығы үшінші дозаны ектіре алады. Бірақ жаппай ревакциналауға рұқсат жоқ.  

Ұлыбритания болса, 50 жастан бастап бустерлік вакцинаны егуге кірісті. Бұдан бөлек, Италия, Германия, Венгрия мен Франция үшінші дозаны салу шараларын бастап кетті. Олардың бәрі Pfizer немесе Moderna-ның бір дозасын бустерлік вакцина ретінде қолданып жатыр. Ал Ресей коронавирусқа қарсы имунитеті төмендеп қалған адамдарға "Спутник Лайтты" салдыруға кеңес берді.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейді?

Өткен айда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ревакциналауға уақытша мораторий енгізуге шақырды. Ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебреисус қыркүйектің аяғына дейін күте тұруды сұрады. Әйтпесе кедей елдерге вакцина жетпей жатыр. Қазіргі вакциналардың бір дозасын бустерлік екпе ретінде қолданса, коронавирусқа қарсы препараттардың тапшылығы туындайды.

Ғалымдардың айтуынша, вакциналау барлығына бірдей болуы керек. Сонда ғана пандемияны тоқтатуға болады. Өйткені бір елдің халқы толығымен вакцина алса да, екпе алмаған мемлекетте вирус мутацияға түсе береді. Артынан ол бәрібір жан-жаққа таралып кетеді. Сондықтан вакциналау шаралары кезінде өзара теңдік принципін ұстанған жөн.

Қазақстанда бустерлік вакцина бола ма?

Қазақстанда бустерлік вакцинаға қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. Ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцинадан кейінгі иммунитеттің қанша уақытқа дейін сақталатынын жан-жақты зерделеп жатыр. Соның негізінде шешім қабылданады.

"Вакцинадан кейін уақыт өте келе, адам ағзасындағы антиденелердің саны азаяды. Біреуде бір жыл, енді біреуде бес жылға дейін сақталады. Созылмалы ауруы болса, иммунитеттің қорғану қабілеті жылдам төмендейді. Сол себепті бустерлік вакциналау немесе ревакциналау жасалады. Шетелде ондай шаралар басталып кетті", - деді профессор Ләззат Ералиева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.    

Қазақстандық ғалымдар алдымен қауіп-қатер тобына кіретін мамандарды, атап айтқанда, дәрігерлер мен мұғалімдерді, сондай-ақ, созылмалы ауруы бар және егде жастағы адамдарды ревакциналау қажет деп санайды. Алайда әзірше нақты шешім жоқ. Бустерге қолданылатын вакцина да анықталмапты.

"Қазіргі кезде біз осы мәселені зерделеп жатырмыз. Мысалы адам вакциналау кезінде QazVac салдырды. Ал ревакциналау үшін қандай екпені алуға болады? Біз осыны зерттеп, әлемдік тәжірибені де бақылап отырмыз. Мәселен Израильде үш вакцина – Pfizer, Moderna мен AstraZeneca тіркелген. Олар ревакциналауды қолда бар екпемен жасап жатыр. Біз де ревакциналауға қатысты шешім шығарған кезде өзімізде тіркелген вакциналарды қараймыз. Оған дейін Pfizer де келетін шығар", - деп атап өтті Ералиева. 

Ал биологиялық қауіпсіздік институтының мамандары QazVac-тың "дельта-штамға" төтеп бере алатынын мәлімдеді. Сондықтан ревакциналау кезінде отандық екпені де қарастыруы әбден мүмкін.

Тоқаев қандай тапсырма берді?

Осы айдың басында халыққа жолдау жасаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындауды тапсырды. Осы орайда президент адамзаттың талай індетті бастан өткергенін, ал вакцина табылғаннан кейін қауіпті дерттерге тосқауыл қойғанын еске салды.

"Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа да індеттер пайда болатынын айтты. Біз оның қашан болатынын күтіп, қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүріп, ары қарай дамуға бейімделуіміз керек. Қазір бустерлік вакцинаны сатып алу өте маңызды", - деді Тоқаев.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да вакцинаны қайта егу шаралары туралы айтқан. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда халықтың басым бөлігі маусым-шілде айларында екпе салдырды. Сол себепті әзірше антиденелердің деңгейі әлі жоғары болып тұр. Ал ревакциналауды 9 айдан кейін жасауға болады. Дегенмен екпені ақпан айында салған адамдар да бар.

"Мәселен ақпан айында алғашқы болып вакцина салдырған адамдарға қазан айына қарай екпені қайта салу қажет. Оның уақыты шамамен 1 қазан", - деді Цой отырыстардың бірінде.

Қазақстан ревакциналау тәртібін пысықтап алғаннан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен консультация жүргізеді. Содан кейін ғана вакцинаны қайта салу шаралары басталады.