Спорт

"Каспий" жанкүйерлері алаңдағы тәртіпсіздіктен кейін жазаланды

"Каспий" футбол клубы маусымның соңына дейін өз алаңындағы барлық матчты көрермендерсіз ойнайды  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек –  Sputnik. Қазақстан футбол федерациясы бақылау-тәртіптік комитеті "Каспий" футбол клубына Қазақстан чемпионаты матчтарын осы футбол маусымының соңына дейін көрермендерсіз өткізу түрінде санкция салды, деп хабарлады Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының баспасөз қызметі.

"Жанкүйерлердің орынсыз әрекеті үшін, яғни кездесудің ресми тұлғаларына балағат сөздер айтып, қарсылас команданың ойыншыларына бөтелке лақтырып, алаңға шығып кеткені үшін және ойынның қауіпсіздігін қамтамасыз етпеуіне байланысты "Каспий" ФК-ға осы футбол маусымының соңына дейін OLIMPBET-Қазақстан чемпионатының өз алаңындағы ойындарын көрермендерсіз өткізу түрінде санкция салынды", - деп жазды федерация Instagram-дағы аккаунтында.

Естеріңізге сала кетейік, 22 қыркүйекте ақтаулық "Каспий" мен елордалық "Астана" арасындағы футбол матчы ұрыс-керіспен аяқталды, жанжалды жеңілген "Каспий" жанкүйерлері бастады. Ойын аяқталғаннан кейін нәтижеге көңілі толмаған жанкүйерлер ойыншыларға дөрекі сөздер айтып, алаңға бөтелкелер мен басқа заттарды лақтыра бастады.

Сондай-ақ видеодан алаңда жүрген жанкүйерлердің бірі "Астана" клубының жартылай қорғаушысы Тигран Барсегянға допты бір тепкенін көруге болады. Осыдан кейін екі команданың ойыншылары арасында төбелес басталды.

Оқи отырыңыз: