КӨКШЕТАУ, 23 қыркүйек – Sputnik, Меруерт Әлімова. Отыз бес адам "Алматы-Петропавл" пойызымен Көкшетау қаласына келді. Мұнда қандастарға баспана мен жұмыс дайындап қойған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ауғанстаннан келген отандастарды теміржол вокзалында бөлек перронда қарсы алды. "Қазақстан темір жолы" компаниясы оларға жеке вагон бөлген. Әкімдік қызметкерлері үлкен сөмке әкелген, ішінде жылы киім бар. Себебі қандастар жазғы киіммен жүр, ал солтүстікте қыркүйекте күн суық.
Сондай-ақ әр отбасы үшін жеке ГАЗель бөлінген. Ал әр отбасыда 8-10 адамнан бар. Олар көлікке отыра сала, "тамақ беріле ме?" деген сұрақ қойды.
Облысқа келгендердің ішінде әйелдер мен кішкентай қыздар хиджаб киген, арасында паранджа жамылғандар да бар. Тек балалар ғана күртеше мен бас киіммен жүр: алматылықтар балалар жолда ауырып қалмауы үшін жағдай жасаған. Келгендердің жүзінен толқыныс, аздап қорқыныш байқалады, алайда қуаныш та сезіледі.
Ауғанстаннан келген этникалық қазақтар көбіне парсы тілінде сөйлейді. Кейбірінің сөзі өзбек, тәжік тілдерін еске салады. Сол себепті кей сөзі жергілікті тұрғындарға түсінікті. Арасында бірен-саран адам ғана қазақ тілінде сөйлейді.
"Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Қазақстан президентіне және барша халыққа осындай қолдау мен қамқорлығы үшін рахмет. Біз қамқорлықты Алматыға келгеннен бастап осы жерге аяқ басқан кезге дейін сезініп жатырмыз. Енді бәрі жақсы болады деп сенеміз", - деді Дерман Мұхаммед Хасан.
Оның алты адамнан тұратын отбасы Сандықтау ауданының Веселое ауылына аттанды. Ересектер "Байдалы" ЖШС-ға жұмысқа қабылданады, ал балалар жергілікті қазақ мектебіне барады.
Отандастар үшін үй сатып алынды
Басқа үш отбасы Көкшетау қаласы, Атбасар ауданындағы Мариновка ауылына және Бурабай ауданындағы Ұрымқай ауылдық округінің Кіндікқарағай ауылына қоныстанды. Мариновкада Ахмади Мохаммад Ханифаға бес бөлмелі үй берілді, себебі отбасында 12 адам бар.
"Үй үлкен, 120 шаршы. Тұрғын үй жалға беріледі, бірінші жылы біз коммуналдық қызметтерді төлейміз. Ересектер Мариновка астық қабылдау пунктінде жұмыс істейді, ал оқушылар жергілікті мектепке барады", - деді Атбасар ауданы әкімдігіндегілер.
Озбаки отбасы Көкшетауға қоныстанды. Тоғыз адам, оның ішінде үш бала "Новопэк" компаниясы жатақханасының екі бөлмесіне қоныстанды. Кең бөлме ішінде жөндеу жұмыстары жасалған, жиһаз бен қажетті жабдықтар бар.
"Отандастарымызды қабылдау біз үшін үлкен мәртебе. Бөлмеден басқа ас үй жабдығын, киім мен азық-түлік дайындап қойдық. Олардың тезірек барлық жамандықты ұмытып, осы жерге сіңісіп кеткенін қалаймыз", - деді компанияның кадрлар жөніндегі директоры Эльмира Эзями.
Көкшетаудағы "Новопэк" компаниясы пропилен қаптамасын шығарады. Компанияның құрылтайшысы – Тәжікстанның тумасы Миразиз Усманов.
Ауғанстаннан келген отандастарды да осында жұмысқа орналастырады.
"Біз барлық отбасы мүшесін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге дайынбыз. Қазір бізде бос жұмыс орны көп. Мысалы тігіншілер, машинистер және экструдер операторлары қажет. Біз ұсынамыз, әрі қарай жұмыс істеуге ынта мен қабілетке байланысты белгілі болады. Өздері шешіп, жанына жақын жұмысты таңдайды", - деп толықтырды Эльмира Эзями.
Кәсіпорындағы ең төменгі жалақы – 60 мың теңге, ең жоғарғы жалақы – екі жүз мың теңгеден асады.
Оқушылар орта мектепке, балалар балабақшаға барады.
"Ауғанстанда көп қазақ қалды"
Озбаки отбасы өздеріне жақсы жағдай жасалғанын айтты: жайлы бөлме, жұмыс істеу мен дамуға мүмкіндік бар. Ең бастысы, олар елдегі бейбіт өмір мен қонақжайлылыққа дән риза.
"Біз Иранда, содан кейін Пәкістан мен Ауғанстанда 32 жыл тұрдық. Тұрақсыз саяси жағдайға байланысты көшіп жүрдік. Ол жақта жағдай күрделі, қорқынышты. Өмір сүру мүмкін емес, тәлібтер қысым көрсетеді, өзімізді еркін сезінген жоқпыз, өміріміз үшін қорықтық. Ол жақта әлі де көп қазақ бар, оларға жаным ашиды және олар да қауіпсіздікте, тарихи отанында болғанын тілеймін. Қазір бейбітшіліктің, қарудың болмауы қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Үйге келген кезде балаларыңның болашағы үшін қорықпау маңызды", - дейді 50 жастағы Шир Әли Озбаки.
Ол өзінің түпкі тегі жайлы да айтты.
"Тағдырдың жазуымен қайда жүрсек те, әкем әрқашан біздің қазақ екенімізді айтып отыратын. Ол 90 жасқа келіп өмірден өтті. "Мен кетемін, ал сендер қалай болса да үйге жол табуларың керек" деген еді. Бүгін өзімді әкемнің аманатын орындағаным үшін бақытты сезініп отырмын. Иранда менің қызым мен өзге де көптеген туысым қалды. Енді олардың да осында, Отанына оралуын армандаймын", - дейді ол.
"Үмітті ақтауға тырысамыз"
Бұл төрт отбасы 9 қыркүйекте Ауғанстаннан Алматыға ұшып келді. Келгеннен кейін олар коронавирусқа тест тапсырып, қонақ үйге қоныстанды.
"Біз Алматыда 11 күн тұрдық, тоқ болдық, қауіпсіздікте жүрдік. Құдайға шүкір! Бізге мұнда жылы киім, басымызға баспана, жұмыс берді. Үмітті ақтауға тырысамыз ...", - деп уәде берді олар.
Қандастарға қандай төлем беріледі?
Тұрғын үй мен жұмыс, жиһаз бен көмір, киім-кешек пен азық-түлік, төсек-орын жабдықтары мен жеке гигиена құралдары, мектеп формасы мен кеңсе тауарларынан бөлек Ауғанстаннан келген отандастарымызға материалдық қолдау көрсетіледі.
"Еңбек" бағдарламасы бойынша қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы бойынша 70 АЕК қарастырылған. Демек, әр отбасы мүшесіне 204 190 теңгеден беріледі", - деді Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова.
Сондай-ақ тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындарды өтеуге ай сайын, бір жыл бойы материалдық көмек көрсетіледі. Қалалық жерге қоныс аударғандарға бір адам үшін 20 АЕК (58 340 теңге), отбасы мүшелерінің саны екіден төртке дейін болғанда 25 АЕК (72 925 теңге), бес және одан да көп адам болса 30 АЕК (87 510 теңге) мөлшерінде төленеді.
Ауылға қоныс аударғандарға бір адам үшін 15 АЕК (43 755 теңге), 18 АЕК (52 506 теңге) – екіден төрт адамға дейін, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болған кезде 21 АЕК (61 257 теңге) беріледі.
"Мектептерде балаларды жалпы оқытумен қамтиды. Осылайша, оларға барлық тиісті әлеуметтік жеңілдік пен төлемдер беріледі", - деп атап өтті Ахметжанова.
Сондай-ақ ведомство басшысы қоныс аударушылар тілді қалай меңгеретінін айтты.
"Парсы тілінде сөйлейтін теологтар, психологтар бар. Бейімделу және оңалту жүргізіледі. Жергілікті халықпен қарым-қатынас жасап, қазақ тілін үйренеді. Біздің студенттер де өзге елге барып сол елдің тілін үйренеді ғой. 1991 жылдан 2021 жылға дейін Моңғолия, Қытайдан 9 мыңға жуық отбасы келді. Біз өмір сүру мен жұмыс істеуге жағдай жасаймыз. Біздің қандастардың да барлығы секілді жақсы өмір сүруге ұмытылып, ақша табуға мүмкіндігі болады. Осы орайда масылдыққа жол бермеуге тырысамыз", - деп қорытындылады Ахметжанова.
Айта кетері, Ауғанстан бір айдан астам уақыт бойы Талибан* қозғалысының бақылауында отыр. Бұл Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде тыйым салынған экстремистік діни ұйым. Көптеген ел өз азаматтарын эвакуациялады, оның ішінде Қазақстан да бар.