Білім

Жүз жаңа оқулық: 3,8 млрд теңгеге қандай кітаптар қазақ тіліне аударылды

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, 100 оқулықтың әрбіреуі 10 000 данамен басылды. Осылайша барлығы 1 миллион кітап шығарылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек –  Sputnik. Ұлттық аударма бюросы "Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасын қорытындылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жоба аясында батыс пен шығыстың интеллектуалдық тарихын қамтыған философия топтамасы қазақ тілінде жарық көрді. Соның ішінде атақты Бертран Расселдың "Батыс философиясының тарихы", Энтони Кеннидің философия тарихына арналған 4 томдық жинағы, Сократтан Деридаға дейінгі философияның қысқаша тарихы, Ислам философиясы мен классикалық араб ойшылдарының антологиясы бар. Жапон, үнді және қытай философиясы толық қамтылды.

Әлеуметтану және психология топтамасы:

  • Ритцердің әлеуметтану теориясы;
  • Майерстің әлеуметтік психология оқулығы;
  • Элиот Аронсонның (The Social Animal) "Көпке ұмтылған жалғыз" атты еңбегі;
  • Шульцтың "Қазіргі психология тарихы";
  • "Халық саны және қоғам: демографияға кіріспе";
  • "Интернет психологиясы" оқулығы.

Тіл білімі және әдебиеттану:

  • Стивен Пинкердің (The Language Instinct) "Тіл – инстинкт";
  • Виктория Фромкиннің "Тіл біліміне кіріспесі";
  • Майкл Райанның 5 томдық "Әдебиет теориясы" атты жинағы.

Экономика, менеджмент және кәсіпкерлік топтамасы:

  • Микро және макроэкономика;
  • Грегори Мэнкьюдің "Экономиксі";
  • Филип Котлердің "Маркетинг негіздері";
  • "Стартегиялық менеджмент";
  •  "Ұйымдық мінез-құлық негіздері;
  • "HR-менеджмент;
  • "CRM: тұтынушымен қарым-қатынас менеджменті";
  • "Кәсіпкерлік";
  • "Жеке қаражат;
  • "Мемлекеттік қаржы";
  • "Көшбасшылық теориясы мен практикасы";
  • "Халықаралық бизнес";
  • "Нәтижелі келіссөз: алғышарты мен амалдары".

"Осы бағыттағы басқа да бірқатар оқулық қазақ тіліне алғаш рет аударылды. Соның арқасында Қазақстандағы бизнес-мектептер тұңғыш рет қазақ тілінде MBA секілді іскерлік басқару мен бизнеске қажетті мамандарды қазақ тілінде оқыта бастады", - дейді бюро басшысы Рауан Кенжеханұлы орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Тарих, антропология және дінтану бағыты:

  • МакГроХил баспасы дайындаған екі томдық "Панорама: дүниежүзі тарихы";
  • "Тарихи білім пәні мен зерттеу әдістері";
  • "Антропология тарихы мен теориясы";
  • Энтони Смиттің "Ұлттың этностық тамыры" атты зерттеуі;
  • Карен Армстронгтың әлемге әйгілі "History of God" еңбегі "Құдайтану баяны" деген атпен шықты.

Мәдениет пен өнер топтамасы:

  • Эрнст Гомбрихтың (The Story of Art) "Өнер тарихы";
  • Кембридж баспасының "Өнер философиясы" мен 2 томдық "Әлемдік музыка тарихы";
  • Ю.Боревтың "Эстетикасы";
  • Юрий Лотманның "Семиосферасы".

Білім беру топтамасы:

  • "Пирсон" баспасының "Оқыту теориясы" оқулығы;
  • "Педагогика: 21 ғасырдағы оқыту дизайны";
  • "Бастауыш мектеп мұғалімі";
  • "Рефлективті оқыту" атты оқу құралдары.

Құқықтану топтамасы:

  • Ағылшын заңына сәйкес азаматтық іс жүргізу, сот өндірісі, медиация және арбитраж, келісімшарт ережелері;
  • 3 томдық "Интеллектуалдық меншік құқығы";
  • Әлемге әйгілі Малкольм Шоның 2 томдық "Халықаралық құқық" жинақтары.

Бұдан бөлек, қазіргі журналистика, саясаттану мен дипломатия бойынша бірқатар оқулық аударылды. Соның ішінде Эндрю Хейвудтың "Саясаттану" кітабы да бар.

Жалпы, жоба аясында 100 оқулық аударылған. Мамандар ғылыми терминдер мен ұғымдар негізінде 4 жаңа сөздік құрастырып шықты. Олар:

  • Әлеуметті ғылымдар сөздігі;
  • Экономика сөздігі;
  • Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі;
  • 500 мың сөз бен сөз тіркесін қамтитын үлкен "Ағылшын-қазақ және қазақ-ағылшын Оксфорд сөздігі".

Айта кетері, бүгінгі онлайн брифингте бюро басшысы жобаға жұмсалған бюджет қаржысының көлемін де жариялады. Рауан Кенжеханұлының айтуынша, 100 оқулықтың әрбіреуі 10 000 данамен басылды. Осылайша барлығы 1 миллион кітап шығарылды. Оған бюджеттен 3,8 миллиард теңге жұмсалды.