"Бейбіт миссия-2021": Орталық Азия террористерге төтеп бере ала ма

Ауғанстандағы террористер Орталық Азияға лап беруі ықтимал. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қарулы күштері "Бейбіт миссия - 2021" командалық-штабтық оқу-жаттығулары кезінде ондай қауіпке төтеп бере алатынын көрсетті
Sputnik

20 қыркүйекте Орынбор облысының Донгуз полигонында ШЫҰ-ның бірлескен терроризмге қарсы оқу-жаттығулары басталды. Оған Беларусь, Ресей, Қытай, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан мен Өзбекстанның 5 500 сарбазы қатысып жатыр. Полигонға 1 200 әскери техника жеткізілді. Айта кетер жайт, Беларусь ШЫҰ-ға бақылаушы ретінде кіреді. Ал осы елдің қарулы күштері "Бейбіт миссияға" алғаш рет келді.

Душанбеде Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті - видео
Қазақстаннан Орынбор облысына "Батыс" өңірлік қолбасшылығының барлау-шабуылдаушы ротасы бронетранспортерлерге мініп келді. Сондай-ақ, танкілері мен пилотсыз ұшу аппараттары бар. Бірлескен оқу-жаттығуларға Қазақстанның әскери-әуе күштерінің Су-25 ұшақтары да қатысып жатыр.

Ал Ресей Федерациясы орталық әскери округтің құрылымдарын, арнайы жасақ пен бес аймақтың жазғы экипаждарын шығарды. Бұдан бөлек, Қырғызстандағы "Кант" бірлескен әскери базасының сарбаздары тартылды. Ал 30 ұшақ пен тікұшақтың ішінде Су-34 жойғыш бомбалаушылар, барлаушы мен шабуылдаушы Су-24МР, Ми-24, Ми-8 және Ил-76 әскери-көлік ұшағы бар.

Биылғы "Бейбіт миссияның" негізгі мақсаты – Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қарулы күштері кіретін коалициялық топты басқару жүйесін жетілдіру, террористердің жаңа тактикалық әдіс-тәсілдеріне тойтарыс беру бойынша өзара тәжірибе алмасу.

Командалық-штабтық оқу-жаттығулары кезінде әскерилер заңсыз қарулы жасақтардың шабуылын тоқтатады, одан кейін қарсы шабуылға шығып, жаудың көзін жоюға тиіс. Бұдан бөлек, олар пилотсыз ұшу аппараттарын атып түсіруді, диверсиялық топатарды жоюды, химиялық және биологиялық қарумен шабуыл жасау әрекеттерін тоқтатуды үйренеді.

Ресей мен Қытай неге алаңдап отыр?

АҚШ пен НАТО әскері ауған жерінен кеткеннен кейін көрші елдердің алаңдаушылығы күшейе түсті. Себебі тәлібтердің келуімен Орталық Азияға террористердің өтіп кету қаупі туындады. Ресей, Қытай, Пәкістан мен Иран да алаңдап отыр. Бүгінде көші-қон дағдарысы былай тұрсын, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерге сан алуан террористік топтар қауіп төндіреді. Оларда АҚШ әскері тастап кеткен қару-жарақ пен оқ-дәрілер бар. Соның арқасында ауған жерінде өз ықпалын күшейтіп жатыр. 

Ресейдің орталық әскери округінің қолбасшысы Александр Лапиннің айтуынша, билікке тәлібтер келгесін басқа да халықаралық террористік ұйымдардың қаупі артып отыр.  

"Ауғанстандағы билікті тәлібтер жаулап алғаннан кейін ИМ* және тағы басқа халықаралық террористік ұйымдардың  күшейіп кетуі ерекше алаңдаушылық туғызып жатыр. Олар көрші тұрған елдердің шекаралас аймақтарына өтіп кетуі мүмкін", - деді Лапин "Бейбіт миссия-2021" оқу-жаттығуларының ашылу салтанатында.

Ауғанстанмен шекаралас Тәжікстан елінің әскерилері де бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығуларының маңыздылығын ерекше атап өтті. Құрлықтағы әскер қолбасшысының орынбасары Фатхулло Идоятуллозоданың айтуынша, "Бейбіт миссияның" арқасында аймақтық қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, бауырлас халықтарды жақындастыруға мүмкіндік бар.  

Ал Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгудың сөзіне қарағанда, бірлескен оқу-жаттығулары кезінде Сириядағы әскери іс-қимылдың тәжірибесі ескеріледі. 

Мәселен, бүгін Қазақстан мен Ресей ұшқыштары авиациялық барлау жасап, колоннамен жүрген "террористерді" және олардың зеңбіректерін жою шараларын жетілдірді. Қазақстанның Су-25 шабуылдаушы ұшақтары жаудың артиллериялық бекіністеріне зымыранмен соққы жасады. ВСМ-1 миналау жүйесі бар Ми-8 тікұшақтары қорғаныс шебінде шұғыл мина орнату шараларын атқарып шықты.

Ал жердегі әскери топтардың құрамында заманауи ГМЗ-3 шынжыр табанды мина бөгеуші бар. Ресейлік әскерилер жарылғыш заттың көмегімен танкіге қарсы екі шақырымдық ор жасады. Ол үшін 20 тонна жарылғыш зат қажет. Коалициялық топқа жол ашып отыратын ИМР-3 бөгет бұзатын машиналар да қолданылады.

"Бейбіт миссияның" аясы кеңейіп келеді

Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғалы бері оған мүше мемлекеттер терроризмге қарсы "Бейбіт миссияны" талай рет өткізді. Алғашқы оқу-жаттығулар 2003 жылы Қазақстан мен Қытай жерінде ұйымдастырылды. Оған Өзбекстаннан басқа ұйымға мүше барлық ел қатысқан.

Ал 2005 жылы бірлескен оқу-жаттығуларға 10 мың әскери қатысты. Сол кезде Ресей мен Қытайдың стратегиялық авиациясы, сондай-ақ әскери кемелері де тартылған.

Уақыт өте келе, ұйымға мүше мемлекеттер көбейді. "Бейбіт миссияның" аясы да кеңейе түсті. Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан, Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Иран мен Өзбекстан кіреді. Ал бақылаушы мемлекеттер - Беларусь, Ауғанстан мен Моңғолия ұйым отырыстарына қатысып, күн тәртібін талқылай алады. Алайда шешім қабылдауға құқығы жоқ.

Бұдан бөлек, ШЫҰ-ның әріптес елдері де бар. Олар: Әзербайжан, Армения, Түркия, Камбоджа, Непал мен Шри-Ланка. Осы елдердің бәрі Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы әскери-саяси ынтымақтастықты дамытудың маңызды резерві бола алады.

*"Ислам мемлекеті" (ИГ) - Қазақстанда және басқа бірқатар елде тыйым салынған террористік ұйым