НҰР-СҰЛТАН, 21 қыркүйек – Sputnik. Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов атыс кезінде қайтыс болған бесінші адам туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бесінші адам - үйді сатып алған кісінің танысы. Ол куәгер ретінде бірге келген", - деді Таймерденов арнайы брифингте.
Алматыдағы атыс
Дүйсенбі күні, 20 қыркүйекте кешке Алматыда атыс болды. Бірнеше полиция қызметкері, жеке сот орындаушылары және үйдің жаңа иесі борышкерді шығару туралы сот шешімін орындауға келген.
Оқ атқан адамның отбасына тиесілі үй бұрын банкке қарыз болғаны үшін сатылған. Жеке үй сот орындаушысы арқылы үшінші тұлғаға сатылды. Бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйді бергісі келмеген. Сот жаңа үй иесінің жағына шықты. Үйге кірмек болған кезде бұрынғы иесі оқ жаудырды.
Бес адам қаза болды: екі полиция қызметкері, бір жеке сот орындаушысы және екі тұрғын, олардың бірі үйдің жаңа иесі, екіншісі оның танысы. 1967 жылы туған күдікті ұсталды.
Ол 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.