Білім

Павлодарда оқушыны жылатқан мектеп директоры жазаланды

Мектеп директоры 6-сынып оқушысын жетектеп, басқа сыныптарға кіргізген. Оған басқа оқушылардың қалай киінгенін көрсетіп, үлгі қылған
Sputnik

АЛМАТЫ, 20 қыркүйек – Sputnik. Павлодарда №22 мектеп директоры 6-сынып оқушысына қатысты әрекетіне байланысты жазаланды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне Павлодар облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.

"Мектеп директорына сөгіс жарияланды. Оқушының ата-анасымен байланыстық, олардың наразылығы жоқ. Оқушы да жағдайды түсінді, жанжал тыйылды", - деп мәлімдеді басқарма.

Бұған дейін мектеп директорына 6-сынып оқушысының оқу орнына қалай киініп келгені ұнамағаны, сол себепті оқушыны жетектеп басқа сыныптарға кіргені хабарланды. Директордың бұл әрекетінен кейін қыз жылап қалған. Соған байланысты оқушының әкесі әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді.

"Павлодарда №22 мектеп директоры Мәмбетова ханым 6-сынып оқушысын қолынан жетектеп, алдымен 5-сыныпқа, содан кейін 11-сыныпқа апарып, барлығына оның талапқа сай киінбегенін көрсеткен. Қыз жылап, күйзеліске түсті", - деп жазды Facebook қолданушысы Қанат Қазбек.

Ол мұғалім өз өкілетін асыра пайдаланып, бала құқығын бұзды деп санайтынын жеткізді.

Желідегі бұл жазбаға мектеп директоры Майра Мәмбетова пікір білдірді.

"Оқушыға джинсы мен футболкаға қатысты ауызша ескерту жасалды. Мысал ретінде көрші кабинетте оқитын оқушылардың классикалық үлгідегі киімі көрсетілді. Қыз ренжіп қалды. Отбасыдан кешірім сұралды. Қазір қыз қала сыртында, келген соң психологиялық көмек көрсетіледі", - деді ол.

Бұған дейін Қазақстанның білім министрлігі оқу жылында қазақстандық оқушылар міндетті мектеп формасын киюден босатылып, мектепке классикалық киіммен бара алатынын айтты.

Оқи отырыңыз: