Қоғам

Қазақстанның Қарулы күштерінің бөлімдері елдің батысы мен оңтүстігіне жіберілді

Қорғаныс министрлігі әскери дайындыққа кенеттен тексеру жүргізіп жатыр. Іс-шараға тоғыз мың адам мен үш мыңға жуық қару-жарақ пен әскери техника тартылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қыркүйек — Sputnik. Қыркүйектің басынан бастап өтіп жатқан ауқымды әскери оқу-жаттығулар аясында әскер Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлеріне жіберілді.

Маневрға шамамен тоғыз мың адам, үш мыңға жуық қару-жарақ пен әскери техника, оның ішінде 66 ұшу аппараты мен сегіз корабль тартылды.

Қазақстанның үлкен территориясына байланысты Қарулы Күштер алыс қашықтыққа жетуге әзір болуы қажет.

Әскерді жауынгерлік техникамен, теміржол және әуе көлігімен, оның ішінде азаматтық авиация мүмкіндігін пайдалана отырып әртүрлі тәсілмен жеткізу жүзеге асырылды.

"Атап айтқанда, алдыңғы шептегі бөлімшелер әскери-көлік және азаматтық авиация ұшақтарымен жеткізілді. Құрлық әскерлерінің бөлімдері мен бөлімшелері жауынгерлік техникасымен бірге өздеріне таныс емес полигондарға теміржол көлігімен жеткізілді. Жауынгерлік оқу-жаттығу міндеттерін орындау шеңберінде бөлімшелер белгіленген аудандарда орналасып, оларды инженерлік тұрғыдан жабдықтады.

Армия және майдан авиация топтары жедел әуеайлақтарға және Ақтау – Жаңаөзен автомобиль жолының әуеайлақ учаскесіне қайта орналастырылды", - делінген қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Қазақстанның Қарулы күштерінің бөлімдері елдің батысы мен оңтүстігіне жіберілді

Әскери-теңіз күштерінің корабльдері Каспий теңізінің акваториясында кемелерді қою пунктерін күзетуді және қорғауды жүзеге асырады.

Одан әрі құрамалар мен бөлімдер жауынгерлік міндеттерді орындауды жалғастырады. Әскердің әрекет етуінің толықтығын және сапасын Қарулы Күштердің Бас штабы бағалайтын болады.