НҰР-СҰЛТАН, 19 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан банктерінде алтын құймалардың бес түрі – 5, 10, 20, 50 және 100 грамм сатылады. Соның ішінде халық арасында он граммдық құйма ең көп сұранысқа ие екен. UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында алтын құймасы мен алтын әшекейдің айырмашылығы, таза алтынның дағдарыс кезіндегі құндылығы мен долларға неге сене беруге болмайтынын айтты.
Доллар, әлде алтын
Сарапшының айтуынша, артық ақшасы бар және ол жайлы ұзақ уақытқа "ұмытқысы келетін" адамдар қаржының біраз бөлігін алтынға инвестициялағаны дұрыс. Бірақ бүкіл ақшаны алтынға жұмсауға болмайды.
"Қаржыгердің айнымас заңы бар: ешқашан бүкіл қаражатты бір ұяшықта сақтамау. Оны міндетті түрде бірнеше ұяшыққа бөлу керек. Сол себепті ақшаның бір бөлігіне бәрібір де доллар сатып алыңыз деп кеңес беремін. Тағы бір бөлігін, мәселен, жарты жылға жететін қорды теңгемен ұстаңыз", -деді Мақсат Халық.
Ол алтын тарихи тұрғыда құнын дәлелдеген металл екенін атап өтті. Өз құнын жоғалтып жататын сәттер болады, бірақ өте сирек. Құбылмалы биткоин, криптовалюта сияқты емес.
"Егер ұзақ мерзімді алып қарайтын болсақ, алтын құнын жоғалтпайды, керісінше арттырып отырады. Сондықтан қай кезде де алтын сатып алған дұрыс. Әсіресе, экономикада дағдарыс орын алғанда, бірден алып қою керек. Өйткені дағдарыс кезінде өнеркәсіп тұралайды, өндіріс төмендейді, салдарынан шикізатқа сұраныс азаяды. Мұнай бағасы түседі. Доллар да арзандайды. Себебі Американың орталық банкі бизнеске төмен пайызбен несие беру үшін доллардың құнын төмендетеді, қосымша ақша басып шығарады. Осындай кездерде ақша құнсызданатыны түсінікті. Ал алтын құнсызданбайды, керісінше құны артады", - деп түсіндірді экономист.
Айтуынша, биыл алтын бағасы аздап түсе бастаған. Оған себеп – іскерлік белсенділік қайта жанданып, өндіріс іске қосылды. Инвесторлар көп ақшасын айналымға салды.
Алтын әшекейлерді сату қиын
Маман қазақстандықтарға алтын әшекейлерден гөрі алтын құймаларын сатып алуға кеңес берді. Себебі ақшадан қысылғанда, бағалы әшекейлерді тез сатып жіберу қиын. Алтын сақина-білезіктерді адам өзі тағып, пайдаланғандықтан, өз бағасына өткізе алмайды. Ломбард алтынның грамына қарай ақша береді. Себебі ол таза алтын болмауы да мүмкін. Сондықтан алтын құйма алып қойған дұрыс. Ақша қажет болғанда, алтын құймаларының өтімділігі жоғары.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар бір айда 3 мыңға жуық алтын құйма сатып алған
Алтын құйманы үйде сейфте немесе банкте сақтауға болады. Бірақ банктегі ұяшық ақылы, жалға алғаныңыз үшін ақша төлеп тұрасыз. Депозиттегі сияқты сыйақы да есептелмейді.
Адамдар неге долларға көбірек сенеді
Ұлттық банктің алтын құймаларын сата бастағанына әлі көп уақыт бола қойған жоқ. Халық алтын сатып алуды енді-енді үйреніп келеді. Алтын құймаларына сұраныс соңғы жылдары ғана артты. Елдің алтынға қарағанда, долларды көбірек сатып алуының негізгі себебі осы, деп санайды маман.
"Ал егер тарихи тұрғыдан қарасақ, тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде долларға сенім артты. Теңге ең алғаш шыққанда, бір доллар төрт жарым теңге еді, ал қазір жүз есе өскенін көріп отырмыз. Демек, халық арасында сол валютаға деген сенім бар. Бірақ сарапшы ретінде айтарым: долларға қатты сене берудің қажеті жоқ. Қазір ол көпіршік сияқты өсіп жатыр. Федералды резервтер жүйесі әр жыл сайын долларды триллиондап басып шығаруда. Алайда бұл доллардың күйреу күнін жақындатып жатқан жайы бар. Мұны мен емес, Американың өз сарапшылары да айтып, дабыл қағып жатыр", - деді Мақсат Халық.
Тағы оқыңыз: Досаев Ұлттық қорда қанша ақша бар екенін айтты
Экономистің пікірінше, бүгінде доллардың құнын арттырып тұрған екі-ақ дүние бар: адамдардың валютаға деген сенімі және АҚШ-тың Қарулы күштері.
"Доллар бағасын Қарулы күштермен ұстап тұр деп ойлаймын. Әйтпесе баяғыда жоқ болатын еді. Сол үшін долларға қатты сенудің қажеті жоқ", - деп ескертті сарапшы.
Доллар да, алтын да қажет емес болып қалуы мүмкін
"Қазір өзгерістер көп болып жатыр. Болашақта қалай болатынын ешкім нақты болжай алмайды. Бірақ цифрлық валютаға өтсек, доллар да емес, алтын да емес, мысалы, биткоиннің өзі ақша өлшеуіші болуы мүмкін. Адамдар өз валютасынан бас тартып, цифрлық валютаға ауысуы мүмкін. Оның да артықшылықтары, кемшін тұстары, сын-қатерлері бар. Алайда заман талабына сай жаңа өзгерістер енгізуге тура келеді. Мәселен, қанша жерден мойындамаймыз десек те, криптовалюта нарыққа жаңалық алып келгенін дәлелдеп жатыр", - деді маман.
Оқи отырыңыз: