НҰР-СҰЛТАН, 19 қыркүйек — Sputnik. Алматы күніне орай "Қаланың құрметті азаматы" атағы мен "Еңбегі үшін" төсбелгісін тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметі.
"Қаланың құрметті азаматы" атағы берілгендердің ішінде Қазақстан Республикасының халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов бар.
Сондай-ақ бұл марапатқа қоғам және мемлекет қайраткері Темірхан Досмұхамбетов, белгілі музыкатанушы, ҚР композиторлар одағы және Қазақстан музыка қайраткерлері одағының мүшесі Юрий Аравин; Қазақ КСР еңбек сіңірген сәулетшісі, Қазақстан сәулетшілер одағының мүшесі Тоқтар Ералиев; "Шырақ" мүгедек әйелдер қауымдастығының төрағасы Ләззат Қалтаева лайық деп танылды.
Салтанатты шарада Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мерекеде қаланың қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосқан тұрғындардың сіңірген еңбегі назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Белгілі саяси және қоғам қайраткерлері, ғылым мен білім, медицина мен мәдениет, кино мен әдебиет саласы қызметкерлері елге қызмет етіп, мегаполистің дамуына белсенді қатысып жүр.
Алматы әкімі қала тұрғындары атынан марапат иелеріне алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
"Сіздер бәрімізге үлгісіздер әрі жоғары марапат пен құрметке лайықсыздар. Қала тұрғындары мен өз атымнан жанқиярлық еңбек үшін ризашылығымды білдіремін", - деді Сағынтаев.
Оқи отырыңыз:
- Нұрғали Нүсіпжанов болашақ жарымен бес жыл бұрын не туралы сөйлесті – видео
- "Еш өкінбеймін": Нұрғали Нүсіпжановтың сұхбаты
- Нұрғали Нүсіпжановтың жас әйелі тағы бір қырынан танылды – видео