Қоғам

Алматыға 1005 жыл: оңтүстік астана тұрғындары қала күнін қалай атап өтеді

Биыл Алатаудың баурайындағы Алматы шаһарына ресми түрде 1005 жыл толды. Алматылықтар қала күнін қыркүйектің үшінші жексенбісінде дәстүрлі түрде атап өтеді
Sputnik

АЛМАТЫ, 19 қыркүйек — Sputnik. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты Алматы тұрғындары биыл да қала күнін онлайн-режимде атап өтеді. 

Дәстүрлі түрде қала күнінде мегаполисте көрмелер, концерттер және басқа да мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар өтетін еді. Алайда коронавирус инфекциясына байланысты былтырдан бері іс-шараның басым бөлігі онлайн форматта ұйымдастырылады.

Әуелі әкімдік  бірқатар бұқаралық іс-шараны офлайн өткізуді жоспарлаған болатын. Оның ішінде Медеудегі баспалдақпен көтерілу, Алматы марафон веложарысы және ALMATY URBAN FEST 2021 бар. Бірақ кейінірек санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұған тыйым салынғанын жеткізді.

Алматыға 1005 жыл: оңтүстік астана тұрғындары қала күнін қалай атап өтеді

Мәдениет басқармасының хабарлауынша, 19 қыркүйек сағат 19.00-де Алматы телеарнасының эфирінде қала күнін мерекелеуге арналған "Алматы талант" киноконцерті өтеді.

19-21 қыркүйек аралығында Алматы телеарнасының эфирінен қала бойынша интеллектуалды квест ойынын және "Алматы – менің сүйікті қалам" қала кітапханаларын көруге болады. Шараға қазақстандық танымал адамдар қатысады.

20 қыркүйекте онлайн форматта қазақстандық жас фотографтардың "Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі" фотокөрмесі өтеді.

20, 21, 26 қыркүйек күндері Алматы қаласы музейлер бірлестігінің әлеуметтік желі парақшасында "Алматы менің жүрегімде" онлайн концерті ұйымдастырылады.

Алматыға 1005 жыл: оңтүстік астана тұрғындары қала күнін қалай атап өтеді

24 қыркүйекте Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың әдеби-мемориалдық музей кешенінің әлеуметтік желі парақшасында Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп ұйымдастырылған "Қала және қаламгер" көшпелі фотокөрмесі өтеді.

18-21 қыркүйек аралығында Алматы әуендері (almaty_ayenderi) әлеуметтік желі парақшасында қазақстандық танымал адамдардың қатысуымен "Күзгі әуен" және "Ару қала – Алматы" онлайн концерті өтеді.