Қоғам

Танымал ғылыми орталықтың директорына сот үкім шықты

Сотталғандар 2018-2020 жылдар аралығында өздеріне бағынышты компаниялар арқылы ақша жымқырған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек –  Sputnik. Ақмола облысындағы Ақкөл аудандық сотының үкімімен Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Кенже Абдуллаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаровтың айтуынша, осы іске қатысы бар деген күдікпен ұсталған тағы бірнеше адам сотталды. Олар:

  • "Монолит-1" ЖШС директоры С. Сұлутаева - 8 жылға;
  • Орталықтың мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы Е. Қосақова - 8 жылға; 
  • Орталық кадрлар бөлімінің маманы И. Копервас - 4 жылға бас бостандығынан айырылды.  

"Аталған тұлғалардың барлығы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, орташа қауіпсіз түзеу мекемелерінде жазасын өтеуге сотталған", - деді Бекайдаров онлайн брифингте.

Сотталғандар 2018-2020 жылдар аралығында өздеріне бағынышты компаниялар арқылы ақша жымқырған. Атап айтқанда, жұмыстар мен қызметтерді іс жүзінде орындамай, келісімшарттарды рәсімдеген. Кәсіпорын ғимараттарын ағымдағы жөндеу жұмыстары да тура сондай әдіспен орындалған. Осылайша мемлекетке 190 миллион теңгеден астам материалдық залал келген.

Айта кетері, өткен жылы шілденің соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директорына қарсы қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді. Сол кезде оған нақты орындалмаған жұмыс үшін қызметтерді жеткізушіге ақша аудару арқылы 5,3 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған.

Оқи отырыңыз: Адвокат Тасмағамбетов пен Сағынтаевты сотқа шақыруды сұрады