КӨКШЕТАУ, 17 қыркүйек – Sputnik. Степногорск түбіндегі саяжай аумағында алапат өрт болды. Құтқарушылардың айтуынша, 60-қа жуық саяжай өртеніп кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті бұл ақпаратты растады. Өрт кешкі сағат 17 шамасында "Вавилова" ПКДУ саяжай алабының аумағында басталған.
"20 гектар аумақтағы құрғақ шөп өртенді, қызыл жалын 58 саяжайға шарпыды, оның үшеуінде тұрғын үй болды, жалпы аумағы 3,5 гектар. Өрт сағат 20:45 ауыздықталып, түнгі 22:00-де сөндірілді", - деп хабарлады облыстық департаменттің баспасөз қызметі.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің алдын ала себебі анықталып жатыр.