Экономика

Қазақстан АЭС салмаса, экономика мен экологияға залал келеді – сарапшы

Қазақстан АЭС-сіз тіршілік ете ала ма? Егер бұл мүмкін болса, онда Қазақстан неге станция салуға дайындалып жатыр? АЭС құрылысы Балқаштағы апатқа алып келуі мүмкін бе? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын Sputnik Қазақтан материалынан оқыңыз
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек - Sputnik. Әлеуметтік желіде бірнеше күннен бері АЭС тақырыбы қызу талқыланып жатыр. Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына күдікпен қарайтындар саны әзірше басым секілді.

Арыс пен Тараз маңындағы жарылыстан кейін кейбір қазақстандықтар АЭС қауіпсіздігіне күдіктеніп отыр. Олар біздің кадрлардың кәсіби деңгейінің төмендігі салдарынан ерте ме, кеш пе, апат бәрібір болады және Балқаш аумағы екінші Чернобыльге айналады деп санайды.

Ал басқалары АЭС құрылысы басталғанымен, ол елордадағы LRT секілід аяқсыз қалады және ол жобаға тағы да миллиардтаған доллар жұмсалады деген ой білдіруде.

Үшінші тарап АЭС тұрғызудың қажеттілігін түсінбей дал: бұған дейін де станциясыз бейқам тіршілік етіп келдік емес пе дейді олар. Осы сұрақтарға жауап беру үшін Sputnik Қазақстан тілшісі маманнан сұхбат алды.

Қазақстанға АЭС не үшін керек

"Қазақстан электр станциялары" ЖШС қазіргі бас директоры Тимур Жантикинді АЭС мәселесі бойынша елдегі бас сарапшы деп атауға болады. Жақында ғана "Қазатомөнеркәсіп" кәсіпорнының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев Youtubе-тегі сұхбатында оны өз ісінің маманы екенін айтты.


Тимур Жантикин - физика-математика ғылымдарының кандидаты. Алматыдағы Ядролық физика институтында жұмыс істеген. 1992 жылы Атом энергиясы агенттігіне ауысты. Ол Атом энергиясы агенттігінің бас директоры, кейіннен Атом энергиясы комитетінің төрағасы болды. Қазір "Қазақстан атом электр станциялары" ЖШС бас директоры қызметін атқарады. Кәсіпорын реакторлар нарығына, олардың бағасы, сипаты мен қауіпсіздігіне анализ жүргізумен айналысады.


Біз Тимур Мифтахұлынан Қазақстан АЭС-сіз тіршілік ете ала ма, жоқ па - осыны түсіндіруді сұрадық. Себебі Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді. Бірнеше рет біздің шенеуніктер жобаны әзірлеуге құлшынып, шетелдік мамандармен келісім жүргізді. Бірақ әркез АЭС құрылысы кейінге қалдырылып келді.

Мысалы, соңғы рет 2014 жылы "Росатом" мен "Қазатомөнеркәсіп" арасында Балқаш маңындағы АЭС құрылысы туралы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Алайда 2016 жылдың қарашасында сол кездегі энергетика министрі Қанат Бозымбаев елдегі электр энергиясының шамадан тыс көп болуына байланысты алдағы 7 жылда Қазақстанда АЭС тұрғызудың мәні жоқ екенін айтты.

- Сол уақыттан бері не өзгерді?

- Қазір Балқаш станциясына көз тіккен 90-шы жылдарға қарағанда себеп әлдеқайда көп. Қазақстан "көміртек шығуын" төмендетуді қарастыратын Париж келісіміне қол қойды. Парник газдардың шығуына ең алдымен энергетика себепші. Сондықтан біз энергетиканы көміртексіз өндіріс жолына қоюымыз керек.

Сонымен қатар көміртек салықтары енізіліп жатыр. Яғни, қаласақ та, қаламасақ та, біз энергетикада парник газдар – көміртек шығаратын секторды қысқартуымыз керек. Осы үшін атом энергетикасы қажет.


Көміртек салығы. Еуропа ғаламшардағы жаһандық жылуға алаңдаушылық танытып отыр. Сондықтан парниктік әсері жоқ электр энергиясы түріне ауысу бойынша мақсат қойды. Көшуді қаржылай ынталандыру үшін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуроодақта жоғары көміртекті әсерімен дайындалған бірқатар тауарға салық енгізіліп жатыр: әзірше бұл болат, цемент, алюминий, тыңайтқыштар мен электр энергиясына қатысты. Алдағы уақытта бұл тізім кеңейтілуі мүмкін. ЕО-да сауда жүргізетін елдер осы салықты төлеуге міндетті. Ал бұл мысалы, Қазақстан табыстың біршама бөлігінен айырылады дегенді білдіреді. Ендеше бұл мұнай экспортына бейімделген экономика үшін кері әсер етеді.


Біріншіден, жаңартылатын энергия көздерінде электр энергиясының базалық генерациясын қамтамасыз ете алмаймыз. Энергия жүйесінде базалық және маневрлік генерация, яғни тұрақты және ауыспалы генерация бар. Жаңартылатын көздер базада жұмыс істей алмайды. Себебі, табиғат күштеріне тәуелді: күн панельдері күннің шығуына, жел қондырғылары желдің болуына тәуелді. Әзірше көміртексіз базалық жалғыз генерация – атом энергетикасы.

Бұл гидроэлектрстанциялары да болуы мүмкін. Бірақ ГЭС орнататындай бізде өзен соншалық көп емес. Оның үстіне бізде атом өнеркәсібі біршама дамыған. Себебі елімізде уран өндіріледі. Қазір Қазақстан әлемде басқалардан көп өндіріп жатыр. Уран экспорты бар, жанармай элементтерінің өндірісі бар, ядролық отын зауытын іске қостық. Бізде бұл тізбек жұмыс істеп жатыр және атом станциясы осы жүйеге үйлесіп тұр. Сол кезде біздің уран өз энергетикамыз үшін жұмыс істейді. Сондықтан қазір АЭС құрылысын бастауға себеп бұрынғыдан арта түсті деп санаймын. Бұрын жаңа энергия көзін тұрғызу қажеттілігі болмады. Ал қазір тапшылық байқалуда және экологияға қатысты ұстанымдар өзгерді.

- Қазақстан АЭС салмаса, не болады?

- Қазақстан АЭС-сіз тіршілік ете алады, бірақ қиын болады. Егер Қазақстанда АЭС салынбаса, онда жоғары көміртекті энергетикамен қалады. Сәйкесіне, көміртек салықтары енгізіледі, экспорт құлдырайды және мемлекет кірістен айырылады. Егер "жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасында көрсетілгендей, 2050 жылға қарай баламалы, яғни көміртексіз энергия көздерінің 50% деңгейін қамтамасыз етпесек, бізге қиын болады. Ал атом энергетикасы болмаса, ол 50%-ке қол жеткізу мүмкін емес. Бұл экономикалық фактор.

Сонымен қатар экологиялық фактор да бар – атом энергетикасы болмаса, жасыл экономика мақсаттарына жету мүмкін емес. Әр энергетиканың өз орны бар. Жаңартылатын, яғни күн-желді қондырғылар қандай да бір металлургиялық зауытты қуаттандыра алмайды. Бұл күрделі әрі қымбат болады. Себебі әркез резервте энергия тұруы керек. Ал резервте дәл сол АЭС-ты ұстауға болады.

- Өзбекстанның атом электр станциясын тұрғызып жатқаны туралы не айтар едіңіз?

- Бұл факт біреулерге писхологиялық тұрғыдан әсер еткен болуы мүмкін. Өзбекстан сенімді қадамдар жасап жатқанын айта кету керек. Олардың жобасының болашағы зор. Өзбекстандағы жағдай мүлде басқа: электр энергиясының тапшылығы біраз бұрын байқалды. Оның үстіне өзбектерде негізінен қымбаттап бара жатқан газ генерациясы бар.

- Егер АЭС-ті Балқашта тұрғызсақ, онда осы көлден айырылып қалмаймыз ба? Ол жақта бұрынғысынша туристер демала ала ма?

- ЖЭО бар, ол жақта гидрология салынып жатыр. Егер Балқашта АЭС құрылысына кірісер болсақ, біз осының барлығын ескереміз. Әзірше ешқандай шешім жоқ. Сол сияқты АЭС-ті Ресей салады деген де шешім жоқ. Біз бес елді қарастырып жатырмыз. Әр елдің өз артықшылығы мен кемшілігі бар. Аталған бес мемлекеттің қатарында Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ пен Франция бар.

Чернобыль мен Фукусима оқиғасы қайталануы мүмкін бе

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратқа халық арасындағы АЭС құрылысына қатысты үрейді басу бойынша тапсырма берді. Халықтың негізгі фобиясы атом электр станциясындағы апат болып отыр.

Кейбір қазақстандықтар Арыс пен Тараздағы жарылыстарға алып келген біздің салдыр-салақтық салдарынан атом станциясында апаттың болары анық деп санайды. Бірақ сарапшылар бұл пікірмен келіспей отыр.

Чернобыль АЭС пен Фукусимадағы реакторға келсек, біріншіден, олар өте ескі: біріншісі 1977 жылы, ал жапон құрылғысы 1971 жылы пайдалануға берілді.

Сол уақыттан бері жарты ғасыр уақыт өтті. Сондықтан олардың сенімділігін қазіргі атом электр станцияларымен салыстыруға келмейді. Мысалы, Ресей де, Беларусь те өз аумағында АЭС тұрғызды. Түркия мен Өзбекстан да АЭС құрылысына кірісіп жатыр.

Сонымен қатар реактор түрлерінің де айырмашылығы бар және реактордың бір түрінің сенімділігі жоғары болып отыр. Мұхтар Жәкішев Youtube-те Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында реакторлардың ерекшелігі туралы толығырақ түсіндіріп берді.

"Бүгінде атом реакторларының екі түрі бар. Біріншісі – ыстық су құйылған қазандағы қайнатқыш құрылғы рөлін ядролық отын атқаратын жағдай. Отын кастрюльдегі суды қыздырады, ол турбинаны айналдыратын бу шығарады да, энергия өндіру басталады. Бұл жұмыс принципі көмір немесе газ станциясынан аса қатты ерекшеленбейді.

Екінші түрі – сулы реактор. Мұны ішінде суы бар кіші қазан көлемі одан да үлкен су құйылған қазанның ішінде орналасады деп сипаттауға болады. Мұнда дәл сол шағын қазан қайнатқыш құрылғы рөлін атқарады", - деп түсіндірген Жәкішев реактордың екінші түрін қолдану кезінде ешқандай ірі апат болмағанын айтты. Оның айтуынша, атомдық реактордың бірінші түрімен байланысты біршама төтенше жағдай тіркелген.

"Қазатомөнеркәсіптің" бұрынғы басшысы заманауи АЭС-ке қатысты ешқандай алаңдаушылығы жоқ екенін мәлімдеді.

Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы бар ма

2016 жылы энергетика министрлігі Қазақстанда электр энергиясы шамадан артық көлемде бар екенін мәлімдеді. 

Қазақстанның географиялық картасына үңілейік. Біздің еліміз батысқа қарай созылып жатқан мемлекет. Сондықтан электрлендіру аймағын солтүстік, оңтүстік және батыс деп шартты түрде бөлуге болады.

Солтүстік аймақта ахуал жаман емес: ол өңірде расында да энергия профициті байқалады және артық энергияны елдің оңтүстігіне жөнелтіп, тағы бір бөлігін Ресейге сатып жатыр.

Оңтүстік аймақта электр энергиясы тапшы – солтүстіктен алуға тура келуде, бірақ қайта айдау кезінде энергияның ауқымды бөлігі амалсыздан жоғалып кетіп жатыр. Бұл энергияның 50%-інің шығыны ретінде де көрініс тауып отыр. Ал сарапшылардың айтуынша 2027 жылға қарай мұның әлеуеті жоғалуы мүмкін. Оның үстіне Түркістан мен Шымкент бүгінде қарқынды дамып, халық саны өсіп жатыр.

Батыс аймақта да энергия қуатын генерациялаудың жетіспеушілігіне байланысты тапшылық бар және ол электр энергиясының импортына тәуелді.

Сондықтан біздің елімізде расында да электр энергиясының артық көлемі болғанымен, жекелеген өңірлерде қазірдің өзінде тапшылық бар. Жалпы, мемлекеттік профицит те мәңгілік емес. 2021 жылдың қаңтарында Қазақстан президенті елімізде электр энергиясының тапшылығы 2027 жылы байқалатынын айтты.

"2027 жылға қарай электр қуатының болжамды тапшылығын ескеріп, үкіметке Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімін дайындауды тапсырамын", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Қазақстанда генерациялайтын қуаттың негізгі бөлігінің қолдану мерзімі 40 жылдан асып кеткенін де атап өту керек. Сондықтан энергетикалық жүйені модернизациялау мәселесі туындап отыр.