Қоғам

Қауіпті патогендермен заңсыз жұмыс істейтін зертханалар бар – бас санитар

Зертханалар тексерістің қай кезде болатынын біледі. Содан мемлекеттік инспектор келгенше рұқсат берілмеген биологиялық микроағзаларды жойып тастайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек –  Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов биологиялық қауіпсіздік саласындағы маңызды проблемаларды жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бас санитардың айтуынша, бүгінде патогенді биологиялық микроағзалармен жұмыс істейтін нысандар мемлекет тарапынан толығымен бақылауға алынбаған. Соның салдарынан биологиялық қауіп-қатерлердің алдын алу шараларын дер кезінде атқаруға мүмкіндік болмай отыр. Барлық зертхана тексерілмейді. Ал мемлекеттік бақылау ескерту арқылы жасалады.

"Осы уақытқа дейінгі тәжірибе маңызды бір мәселенің бар екенін көрсетті. Кейбір зертханалар аса қауіпті патогендермен жұмыс істейді. Бірақ оған тиісті рұқсаты жоқ. Ондай зертханалар тексерістің қай кезде болатынын біледі. Содан мемлекеттік инспектор келгенше рұқсат берілмеген биологиялық микроағзаларды жойып тастайды", - деді Қиясов мәжілісте өткен отырыста.

Осыған байланысты "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" заң жобасы аясында I және II санаттағы биологиялық агенттермен жұмыс істейтін зертханаларды ескертусіз тексеру ұсынылып отыр. Ал қауіпті патогендерді сату мен ұрлау әрекеті үшін қылмыстық жаза енгізу қарастырылған.

Бас санитардың сөзіне қарағанда,  қазіргі кезде рұқсат қағазы заңды тұлғаға беріледі. Ал қауіпті биологиялық нысандар мәселесі ескерілмейді. Содан мемлекеттік органдар заңды тұлғаның нақты қай зертханада және қандай микроағзалармен жұмыс істеп жатқанын білмейді. Осыған байланысты қауіпті биологиялық нысандар мен патогенді биологиялық агенттер бойынша бөлек рұқсат қағазын беру ұсынылып отыр.

"Соның арқасында біз инфекциялық ауруларды қоздыратын қауіпті микроағзалармен жұмыс істеу тәртібін есепке алып, толығымен бақылауда ұстай аламыз", - деп атап өтті Қиясов

Заң жобасы аясында бірыңғай ақпараттық жүйеге микроағзалар туралы барлық мәліметті енгізу жоспарланған. Осылайша ағымдағы эпидемиологиялық ахуалды бақылап, тиісті шараларды дер кезінде қолға алуға болады.

"Ақпараттық жүйеде патогенді биологиялық агенттер мен қауіпті биологиялық нысандардың тізімін жүргізу қарастырылған. Осы салада жұмыс істейтін және жұмыс істеймін деп отырған мамандар туралы ақпарат та енгізіледі. Қауіпті патогендердің айналымын реттеу мен тіркеу ережелері бекітіледі", - деп түсіндірді Қиясов.

Бұдан бөлек, биологиялық қауіпсіздік мәселелері ұлттық қауіпсіздік стратегиясына енгізіледі деген жоспар бар. Осылайша бұл салада жүйелі мемлекеттік саясат жүргізіледі. Биологиялық қауіпсіздік бойынша үйлестіруші орган да белгіленеді. Ал дезинфекция, дератизация мен дезинсекция қызметіне лицензия беріледі.