Елорда тынысы

Астаналық әкімдік құрылыс компанияларының "қара тізімін" жариялады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тұрғындардан сақ болуды сұрады. Рұқсат құжаттары болмаған жағдайда баспана сатып алудан бас тартқан жөн
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Астанада 31 құрылыс ұйымы үлескерлер қаражатын қабылдауға тиісті рұқсаты жоқ компаниялар тізіміне енді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

"Тізімдегі көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде қолданыстағы заңнаманы айналып өтіп жасалған барлық мәміле (алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын басқаға беру шарты) жарамсыз болып саналады", - деп жазылған ақпаратта.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тұрғындардан сақ болуды сұрады. Рұқсат құжаттары болмаған жағдайда баспана сатып алудан бас тартқан жөн.

"Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы" заңнамада үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз қабылдауға тыйым салынады. Бұл ретте Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 320-бабы, сондай-ақ Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделген", - деп жазылған әкімдік сайтында.

Туындаған сауалдар бойынша Нұр-Сұлтан қаласы, Сарыарқа ауданы, Бейбітшілік көшесі, 8 мекенжайы бойынша орналасқан Нұр-Сұлтан қаласы орта сапасы және бақылау басқармасына жүгінуге болады.

Байланыс телефондары: 8 (7172) – 55-04-28, 55-04-30.

Үлескерлердің қаражатын қабылдауға құқығы жоқ құрылыс салушылар тізімімен төмендегі құжаттан танысуға болады.