НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек – Sputnik. Елордадан Шымкентке бет алған ұшақ ішінде жолаушы әйел есінен танып қалды, деп хабарлады Qazaq Air әуе компаниясының баспасөз қызметі.
Оған реанимациялық шаралар жасалды.
Ұшақ Жезқазған қаласында қонуға мәжбүр болды. Ол жақта көмек келгенімен, әйелдің ұшақта қайтыс болғаны анықталды.
"Экипаж мүшелеріне жолаушы өзін нашар сезініп отырғаны туралы хабарлама түсті. Бортсерік жолаушының жанына келгенде ол ес-түссіз болатын", - дейді компаниядағылар.
Бортсерік жағдайды ұшақ командиріне хабарлап, жолаушыларды көмекке шақырды. Жолаушылар арасында болған дәрігер көмекке келді.
Жолаушыға жүрек соғысын қалпына келтіру шаралары жасалды.
Әуе диспетчері арқылы жедел жәрдем шақырылып, ұшақ Жезқазған қаласында қонды. Алайда әйелге көмек қажет болмады, ол ұшақта көз жұмды.
Оқи отырыңыз: Рейстен кейін 9 жасар бала қайтыс болды: қайғылы оқиғаға қатысты жаңа ақпарат