Өңірлер

Жетісайда 13 құрсақ көтерген әжейдің қыздары мен келіндері де көпбалалы ана атанды

Қазір 80 жасқа келген Зәуре әжейдің 11 баласы жанында, өзі немере-шөберенің ортасында отыр  
Sputnik

АЛМАТЫ, 15 қыркүйек – Sputnik. Түркістан облысы Жетісай ауданында 15 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Соның бірі – Сүттібаевтар әулеті. Осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын бір үйдің жалғыз ұлына жар болған Зәуре Сейдімбекқызы 13 құрсақ көтеріп, барған жерін бір қауым ел қылды. Қазір 11 баласы жанында, өзі немере-шөберенің ортасында 80 жасқа толды.

Sputnik Қазақстан тілшісі "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлерінен тұратын әулетке хабарласты.

Жетісай ауданының Жылысу ауылында тұратын Зәуре Сейдімбекқызы 14 жасында тұрмысқа шыққан. Жары бір үйдің жалғыз ұлы болған. Отбасында 6 ұл, 5 қыз ержетті.

"Өзім кішкентай күнімде жетім қалдым. Шалым да бір үйдің жалғыз ұрпағы еді. Сол бір бала өсіп-өнсе деген тілекпен тұрмыс құрдық. Екеуміздің тілегімізге Құдай осы балаларды берді. Менің арманым – осы балалардың бір-бір үй болып, амандықта өмір сүруі", - дейді Зәуре әжей.

Биыл жолдасының дүниеден өткеніне 17 жыл болды. Қазір Зәуре әжейдің үш келіні алты баладан дүниеге әкеліп, "Күміс алқа" иегері болса, үш келіні жеті бала тауып, "Алтын алқа" алған. Бір қызының 8 баласы бар, енді бір қызы 7 сәби дүниеге әкелген. Екеуі де "Алтын алқа" иегері. Бір қызы "Күміс алқа" алған.

Жетісайда 13 құрсақ көтерген әжейдің қыздары мен келіндері де көпбалалы ана атанды

Әңгіме барысында Зәуре әжей балаларының қалай ержеткені туралы да айтты.

"Балалар өз несібесіне қарай өсіп кетті. Жолдасым трактор айдап, 11 баланы асырады. Жоқшылық көрмедік, әр баланың өз несібесі бар. Зейнет жасына шығып, алғашқы зейнетақысын алған соң өмірден өтті. Екінші зейнетақысын балалары мен келіндеріне беремін деп еді, оған жетпеді. Қазір келін мен қыздарға әр баланың өз несібесі бар екенін айтып отырамын. Құдайдың бергенін тусаңдар, өсіп-өнесіңдер деймін. Бала өскен кезде біріне-бірі жәрдем береді", - дейді әжей.

Айтуынша, алты келіні бір тойды түгел атқарып шығады. Өзгеден той-томалақтың дастарқанына қатысты көмек сұрамайды.

"Бір тойды атқаратын келін бар. Бәрін өздері істейді. Бас қоссақ, бір қауым елміз. Той-томалақ болса, алты келінім ешкімді шақырмайды, өздері жайғастырады", - дейді Зәуре әжей.

Ана жолымен…

Әжей биыл 80-ге келді. Кенже ұлы Алмас пен келіні Сапаркүл қолында тұрады. Бұл отбасының да алты ұлы бар. Келіні Сапаркүлдің айтуынша, Зәуре әжей әр бала дүние есігін ашқанда қуанып, тілегін айтады.

"Құдайдың бергені деп алты ұлды дүниеге әкелдім. Апамыз әр бала өмірге келгенде қуанып отыратын. Арасында баланың санын көбейтіңдер дейді. "Шалым жалғыз бала болды, содан көбейді" деп айтып отырады", - дейді келіні Сапаркүл.

Отбасының жеке шаруа қожалығы бар. Ал келіні мектепте жұмыс істейді. Алайда мақта терімі басталған уақытта барлығы бірге жұмысқа шығады.

"Біз Жетісайда мақта егеміз, шаруа қожалығымыз бар. Мақта теру науқаны басталғанда осы шаңырақтағылар егістік басына барамыз. Сонда апам барлық немересін жинап, өзі бас-көз болады. Тамағын беріп, өзі қарайтын. Мен отбасының ең кіші келінімін, декреттік демалыстан шыққан соң балаларға өзі қарайтын. Апамның арқасында той-томалақтан қалған емеспін", - дейді келіні.

Жетісайда 13 құрсақ көтерген әжейдің қыздары мен келіндері де көпбалалы ана атанды

Зәуре әжейдің екі қызы 4 баладан дүниеге әкелген. 37 жастағы кенжесі Меруерт Сүттібаева да ана жолымен көпбалалы болғысы келетінін айтты.

"Мен үйдің кенжесімін, яғни үйдегі он бірінші баламын. Мені апам 43 жасында туған. Әке-шешем еркелетіп өсірді. Қазір 4 балам бар. Құдай берсе, босана береміз ғой", - дейді ол күліп.

Сондай-ақ Меруерт Сүттібаева отбасында болған қызық жағдайды да айтып берді.

"Бесінші жеңгем келін болып түскен кезде қызық жағдай болды. Ол апам бау-бақшаны жайқалтып, қызанақ-қияр өсіріп отырған кез. Жаңа түскен жеңгем түскі асқа қызанақ пен қияр араластырып бір табақ салат тураған екен. Сонда "жеңге, бұл бізге жетпейді. Бізге үлкен табаққа турау керек" дегеніміз бар. Басында жеңгем де сенбей күліп еді, содан кейін үйреніп кетті", - дейді Меруерт Сүттібаева.

Айта кетері, Жетісай ауданында қазір 369 "Батыр ана" бар. 1 682 әйел "Алтын алқа" иегері, 5 288 адам "Күміс алқа" алған. Сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" орденімен 749 әйел марапатталған.