Спорт

Бокс құрамасындағы жанжал: Назым Қызайбай Ангелина Лукастың сөзіне жауап берді

Ол Лукастың жеке бапкері Рахманбек Арғымбаев оның бөлмесінің табалдырығына белгісіз ұнтақ шашқанын, содан кейін өзін нашар сезінгенін айтты
Sputnik

АЛМАТЫ, 15 қыркүйек – Sputnik. Бокстан әйелдер құрамасындағы жанжал өршіп барады. Болашағынан үміт күттіретін спортшылардың бірі Ангелина Лукас командадан шығарылды, ол бұған екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайдың қатысы бар екенін айтып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.

Қос қыз арасындағы жанжалға Олимпиада чемпиондары араласты: маусымда мемлекеттік жаттықтырушы болып тағайындалған Бақтияр Артаев Лукасты командадан шығару туралы шешім қабылдағандардың бірі болды, дейді спортшының өзі. Ал Бақыт Сәрсекбаев Ангелинаны жақтап, оны ақылға қонбайтын айыппен командадан шығарғанын мәлімдеді.

Алайда ресми түрде тұжырым басқаша болды. Сәрсекбаев спортшыны құрамадан шығару туралы шешім қабылдағандарға алаңға емес, экстрасенстер сайысына қатысуға кеңес берді.  Сондай-ақ екі спортшы арасындағы жанжалды шаршы алаңда шешуге шақырды. Ол Ангелина Лукасты жаттықтыруға дайын екенін айтып, Бақтияр Артаевқа Назым Қызайбайды дайындауды ұсынды.

Лукас пен Сәрсекбаевтың бұл мәлімдемесінен кейін Назым Қызайбай әлеуметтік желіде жауап қатты.

"Бүгін үнсіздікті тоқтатып, мені спортшы ретінде ғана емес, бүкіл қазақстандық әйелдер боксын масқаралауға тырысып жатқан Ангелина Лукас пен оның бапкері Рахманбек Арғымбаевтың өтірігін ашатын сәт келді. Деректер Лукас пен Арғымбаевтың жағдайды өздеріне ыңғайлы түрде көрсетуге тырысып жатқанын көрсетеді.

Бұл адамдар өздерінің әдепсіз және кез келген этикалық нормаға негізсіз ниетіне қол жеткізу үшін веб-қызмет пен басқа да БАҚ-тың көмегіне жүгініп жатыр. Блогерлер мен танымал спортшыларды итермелеп, мені және маған қатысы бар адамдардың іскерлік қатынасын теріс көрсетуге тырысып бағуда", - деп жазды спортшы.

Ол Лукас пен оның бапкері, сондай-ақ олардың жағына шыққан блогерлер мен спортшылар Арғымбаевтың Қызайбайдың бөлмесінің табалдырығына "белгісіз ақ түсті ұнтақ" шашқаны туралы видеоға қатысты пікір білдірмей отырғанын жеткізді.

"Олар неге мұндай қадамға барды? Ангелина мен оның бапкерінің мақсаты қандай? Содан кейін бірге тұратын спортшылар жайсыздық сезініп, бізге медицина мамандарына жүгінуге тура келді", - дейді Қызайбай.

Жанжал қайдан шықты

Қазақстандық спортшылар Ангелина Лукас пен Назым Қызайбай бір салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Олар Токио-2020 олимпиадасының лицензиясына үміткер болды, алайда екеуі де ала алмады. Дей тұрғанмен екеуінде де бірнеше мүмкіндік болды.

Токиоға жолдама берілетін ең соңғы турнирге қазақстандық жаттықтырушылар Қызайбайды емес, Ангелина Лукасты жіберді. Содан кейін екі спортшы арасындағы жағдай ушыға түсті. Олардың екеуі де командада өзіне қатысты қысым көрсетіліп, қарсыласына көбірек қолдау көрсетілді деп санайды.

Ангелина Лукастың айтуынша, өзін және бапкерін дуалаумен айналысты деп айыптаған. Олар ұнтақ шашып, дуалады деп мәлімдеген. Сондай-ақ Лукас Қызайбай құрама қыздарын және аға жаттықтырушыны өзіне қарсы қойғанын жеткізді.

Соңғы Олимпиада алдындағы турнирге Қызайбай емес, Лукастың не себепті барғанын Серік Сәпиев түсіндірді. Оның сөзінше, екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өз титулын соңғы рет 2016 жылы жеңген.

Алайда Олимпиадада 48 келіге дейінгі салмақ санаты жоқ, сондықтан Қызайбай 51 келіге дейінгі салмақ санатына өтуге тура келді. Ал бұл санатта оның жетістіктері айтарлықтай жоғары емес және Олимпиада қарсаңында ол өз санатындағы қыздар арасындағы рейтингте 40-шы орынды иеленді. Сондықтан федерация іріктеу турниріне Ангелина Лукасты жіберуге шешім қабылдады.

Алайда Лукас өз мүмкіндігін пайдалана алмады, нәтижесінде екі қыз да Олимпиадаға бармады.

Жанжал басталғаннан кейін спорт министрлігі Ангелина Лукастың құрамадан шығарылғанын жоққа шығарды.