Өңірлер

Қарағанды хайуанаттар бағында түсірілген видео қоғамдық резонанс тудырды

Қарағандыдағы хайуанаттар бағында кербұғылардың мүйізін кесудің соңы шуға ұласты. Жауапты мамандар жазаланды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Қарағандыдағы хайуанаттар бағына келгендердің бірі қоршаудағы кербұғылардың қансырап жатқанына әлеуметтік желіде шағымданды. Балаларын ертіп келген ер адамды жануарлардың жай-күйі есеңгіретіп тастаған.

Видео пабликтерде жылдам таралып, қоғамдық резонанс тудырды.

Ал хайуанаттар бағының өкілдері сол күні, 9 қыркүйекте жануарлардың мүйізі кесілгенін айтты. Себебі күйлеу кезеңінде еркек кербұғылар бірін-бірі жаралап қоюы мүмкін. Жануарларға зақым келмес үшін әдетте олардың мүйізін кесіп тастайды. Бұл шара наркоз егу арқылы іске асырылған. Сондықтан кербұғылар ес-түссіз жатқан. Ал мүйізде қан тамырлары болуына байланысты кесілген орыннан қан шығуы қалыпты жағдай.

Бірақ зообақ әкімшілігі мүйізі кесілгеннен кейін кербұғыларды адам назарынан тыс жерге орналастырмағаны қателік екенін мойындады. Мекеме басшылығы жұмыс күндері хайуанаттар бағына балалар келеді деп күтпегенін айтып ақталды.

Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметі "Патриот" паблигінің сауалына "Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметтік тексеру нәтижесі бойынша кінәлілерді жазалау туралы бұйрыққа қол қойғанын хабарлады.

Сол себепті хайуанаттар бағының директорына сөгіс беріліп, ветеринарлық дәрігер "өзінің лауазымдық міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін" жұмыстан шығарылды.