Оқиға

Жезқазғанда жас жігіт зейнеткерді қағып өлтіріп, оқиға орнынан ізін жасырды

Күдікті кінәсін мойындады, қазір қамауда отыр. Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Жезқазған қаласында жүргізуші зейнеткерді көлігімен қағып кетіп, оқиға орнынан ізін жасырды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға 12 қыркүйек Кеңгір ауылы маңында, "Жезқазған – Сәтпаев" тас жолында болды. Белгісіз біреу жаяу жүргіншілер өткелінде 64 жастағы зейнеткерді қағып кетіп, артынша ізін жасырған.

Полицияның ақпаратынша, зардап шеккен әйел Жезқазған қаласының медициналық мекемесінде көз жұмды.

Оқиға орнына жедел тергеу тобы аттанды. Куәгерлердің айтуынша, қаскөй қара түсті ВАЗ-21099 автокөлігін тізгіндеген.

Жедел тергеу шаралары барысында патрульдік полиция күдіктіні "ізін суытпай" ұстады. 21 жастағы жігіт кінәсін мойындады. Ұсталған ер адамның автокөлігі тәркіленді.

Тағы оқыңыз: Ақтөбе облысында жол апатынан бір отбасы мүшелері көз жұмды

Қылмыстық кодекстің 345-бабы "Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы" және 347-бабы "Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу жүріп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.