Қоғам

Әскери қызметшілер ШЫҰ елдерінің терроризмге қарсы оқу-жаттығуына қатысады

Оқу-жаттығуға "Батыс" өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы қатысыады, әскери-әуе күштерінің Су-25 ұшақтары тартылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Қазақстандық әскери қызметшілер ШЫҰ елдерінің "Бейбіт миссия" оқу-жаттығуына қатысады, деп хабарлады қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің – Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан әскери контингенттері терроризмге қарсы бірлескен "Бейбіт миссия – 2021" командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысады.

Бұл оқу-жаттығу Ресей Федерациясы Орынбор облысында өтеді. Оған Қазақстанның Қарулы күштерінен "Батыс" өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы, Әскери-әуе күштерінің Су-25 ұшақтары тартылады.

Оқи отырыңыз: 700-ден астам қазақстандық әскери оқу-жаттығу жиынына шақырылды 

Оқу-жаттығу шеңберінде ШЫҰ-ға мүше елдердің әскери контингенттері терроризмге қарсы бірлескен операцияға дайындалып, оны өткізу мәселелерін пысықтайды.  

"Бейбіт миссия" 2007 жылдың 27 маусымындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығуларды өткізу туралы келісім шеңберінде екі жылда бір рет өткізілетінін атап өткен жөн.