Әлем

Қазақстандағы ресейліктер Думаға сайлауда дауыс бере алады

Ресейлік сенатор дауыс беру санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы өтетінін айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек  – Sputnik. Қазақстан мен Ресей Қазақстанда тұратын ресейліктердің Мемлекеттік думаға сайлауға қатысуын ұйымдастыру жайын талқылады, деп хабарлады РФ сенаторы, Федерация Кеңесі халықаралық істер комитетінің мүшесі Андрей Климов Sputnik ақпарат агенттігінің алаңында өткен Мәскеу – Нұр-Сұлтан – Бішкек – Ереван бейнекөпірінде.

Оның айтуынша, Nur Otan партиясы осы жағдайды өз бақылауына алуға уәде еткен.

"Жұмада (10 қыркүйек) Қазақстанның билеуші партиясындағы (Nur Otan) әріптесіммен осы тақырыпта сөйлестім. Бізде бірқатар елдегі басқарушы партиялар арасында әріптестік туралы келісім бар. Бұл келісімдер өзара іс-әрекеттерді жүзеге асыруға көмектесуді қарастырады. Сондықтан Қазақстандағы басқарушы партия осы мәселеде сәйкес рөл атқаруға дайын екенін мәлімдеді. Яғни біздің елдің паспорты бар азаматтардың дауыс беруіне ешқандай кедергі келтірмеуге уәде етті", - деді Андрей Климов сұрақтарға жауап берген кезде.

Ол Ресей кез келген мемлекеттің территориясында дауыс беруді Ресей Федерациясының аумағында қарастырылғандай етіп ұйымдастыра алмайтынын мәлімдеді.

"Карантин шектеулеріне байланысты барлығы бірдей дауыс бере алмайтыны түсінікті. Алайда дауыс бергісі келетін азаматтар үшін барлық жағдай жасалуы керектігі туралы Қазақстандағы біздің өкілдіктермен бейнеконференция арқылы сөйлестік. Өзара түсінісе алдық. Бірақ сайлау учаскесіне келу немесе келмеу әркімнің өз таңдауы екенін ұмытпауымыз керек", - деді Климов.

Ол ресейлік дипломаттар ұйымдастыратын учаскелерде ресейлік заңнама мен Ресей азаматтары дауыс беретін елдің заңнамасы барынша сақталатынын айтты.

Еске сала кетейік, 19 қыркүйекте Мемлекеттік думаға депутаттарды сайлау өтеді.